BizBirgemiz қайырымдылық қоры сайтына жүктелген суреттерін арнайы платформадан сатып алған болып шықты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
КазТАГ мәліметінше, қордың басты бетінде су тасқынынан зардап шеккендерге арналған 1,5 млрд теңгені және Палестина тұрғындарына жылу ретінде жиналған 200 млн теңгені жымқырды деген күдікке ілінген қордың негізін қалаушы Перизат Қайраттың суреті көзге бірден түседі.
"Сол бетте қордың Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Абай, Ақмола және Ұлытау облыстарындағы су тасқыны мен селден зардап шеккендерге көмек ұйымдастырғаны туралы ақпарат берілген", - дейді дереккөз.
Әрі қарай қор атқарған қайырымдылық шаралары жайлы баяндап, оны екі суретпен толықтырады. Бірінші суретте шетелдіктерге ұқсайтын адамдар азық-түлікті ретке келтіріп жатыр, ал екінші суретте жас қыз қорап ұстап тұр.
Google Chrome браузерінің “Google объективімен іздеу” функциясын қолданғанда, бұл суреттердің әртүрлі сайтта жарияланғанын байқауға болады. Ал олардың бастапқы дереккөзі Freepik платформасы екені анықталды. Freepik –бұл кәсіби фотографтар мен дизайнерлер түсірген суреттер, иллюстрациялар және басқа визуалдық материалдар жиналатын арнайы платформа.
Фотостоктарда суреттерді авторлар жүктеп, оларды белгілі бір лицензия шарттарымен пайдалануға ұсынады.
Айта кетейік, ҚМА еріктілер қозғалысының белсендісі және BizBirgemizQazaqstan қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.
Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деп күдікке ілінді.
Қайырымдылықтың негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлікті сатып алу мақсатына пайдаланылды.
Биыл көктемде ол елордадағы автосалондарда 88 млн теңгеге "Mercedes-Benz S450", 80 млн теңгеге "Lexus LX-600" және 39 млн теңгеге "Haval" автокөліктерін сатып алды.
Осы кезеңде ол жалпы сомасы 600 млн теңгені құрайтын елорданың премиум санаттағы "Akbulak Riviera", "Highvill Ishim Gold", "Көк Жайлау" ТК (тұрақ орындарын қоса алғанда), сондай-ақ "Vela Village" коттедж қалашығында жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алды.
Сонымен қатар, қазақстандықтардың қайырымдылыққа жіберген қаражат есебінен Перизат Қ. Дубай, Доха, Лондон және Стамбулдағы «St. Regis», «Shangri-La», «Palazzo Versace» және «Kempinski» сияқты бес жұлдызды қонақ үйлерде демалған.
Бұл елдерде ол "Cartier" және "Louis Vuitton" сияқты брендтердің қымбат аксессуарлары мен зергерлік бұйымдарды сатып алып, фешенебельді мейрамханаларға барып, яхталарды жалдаған.
Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін достары мен туыстарына 8% сыйақы беріп, қордың ақшасы қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.
Осылайша, Перизат Қ. өзінің заңсыз әрекеттерімен еріктілер қозғалысының беделіне нұқсан келтіріп, оның ашықтық пен адалдық принциптеріне күмән келтірді және халықтың сеніп тапсырған қаражатын талан-таражға салған.
16 қараша күні Қаржы мониторингі агенттігі Еріктілер қозғалысының белсендісі Перизат Қайратқа қатысты тергеу фактісі бойынша қосымша ақпаратты жариялады. Агенттік Перизат Қайраттың Палестинаға деп ақша жинап, 200 млн теңгеден аса қаражатты жымқырғанын растады.