Павлодар облысында "Aqtogai Milk" ЖШС-да алты жұмысшының қазасына әкеп соққан топтық жазатайым оқиға бойынша жүргізілген арнайы тексеріс аяқталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Тексеріс барысында жұмысшылардың бірі кәріз құдығында күкіртсутегінен уланғаны анықталған. Оған көмекке ұмтылған басқа жұмысшылар да құдыққа кезекпен түскен. Салдарынан бір-бірін құтқаруға тырысқан алты жұмысшы күкіртсутегінің әсерінен қаза тапты.
Комиссия жұмысшылар қаупі жоғары жұмыстарды қауіпсіз орындау бойынша тиісті оқудан өтпегенін және жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілмегенін анықтаған. Сонымен қатар, кәріз құдығындағы жұмыстарды ұйымдастыру кезінде, соның ішінде апат жағдайы туындаған және құтқару жұмыстары жүргізілген кезде қауіпсіздік қамтамасыз етілмеген.
"Үкіметтік комиссияның жұмысы қорытындысы бойынша жұмыс беруші - "Aqtogai Milk" ЖШС-ның кінә дәрежесі 100 пайыз деп белгіленген. Арнайы тексеріс нәтижесінде жазатайым оқиғаның себептері мен мән-жайы айқындалып, жауапты лауазымды тұлғалар белгіленді", - деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдері.
Еске салайық, бұған дейін Павлодар облыстық мәслихатының депутаты әрі "Aqtogai Milk" кәсіпорнының иесі Александр Терентьев алты жұмысшының қазасына қатысты іс бойынша ұсталды.