Павлодар облысында алты жұмысшының қазасы: мәслихат депутаты ұсталды

Павлодар облысында алты жұмысшының қазасы: мәслихат депутаты ұсталды
Коллаж: Dalanews

Павлодар облыстық мәслихатының депутаты әрі Aqtogai Milk кәсіпорнының иесі Александр Терентьев алты жұмысшының қазасына қатысты іс бойынша ұсталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қайғылы оқиға 20 шілдеде Павлодар облысының Ақтоғай ауданындағы кәсіпорын аумағында болған. Жабдықтарға қызмет көрсету кезінде алты адам көз жұмған. Павлодар облыстық полиция департаменті Терентьевтің ұсталғанын растады. Ведомство мәліметінше, аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Іс аясында барлығы үш күдікті ұсталған. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция әзірге оқиғаға қатысты өзге мәліметтерді жариялаған жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Павлодар облысының Ақтоғай ауданындағы Жоламан ауылында орналасқан Aqtogai Milk ЖШС аумағында кәріз құдығындағы электр сорғысының ақауын жөндеу кезінде алты жұмысшы қаза тауып, тағы бір адам ауруханаға жеткізілгені хабарланған. Қаза болғандардың бірі кәмелетке толмаған жасөспірім болған. Әлеуметтік желілерде көз жұмғандардың арасында бір отбасының үш мүшесі – әкесі мен екі ұлы болғаны туралы ақпарат тарағанымен, бұл мәлімет әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Артынша алты адам қаза болған Павлодардағы сүт фермасы мәслихат депутаты Александр Терентьевке тиесілі екені белгілі болды.