Павлодар облысының Ақтоғай ауданындағы Aqtogai Milk сүт фермасында алты жұмысшының қаза табуына байланысты кәсіпорын ресми мәлімдеме жариялады. Айта кетейік, бұл ферманың мәслихат депутаты Александр Терентьевке тиесілі екені белгілі болды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Компанияның мәліметінше, кәсіпорын аумағында болған жазатайым оқиға салдарынан алты қызметкер көз жұмған. Сондай-ақ зардап шеккен тағы бір жұмысшы Ақтоғай аудандық орталық ауруханасына жеткізілген. Қазір оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Aqtogai Milk ЖШС-нің басшылығы мен ұжымы қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтып, олардың отбасыларына барлық қажетті көмек пен қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
Компания оқиғаға байланысты құзырлы мемлекеттік органдар тергеу жүргізіп жатқанын хабарлады. Сондай-ақ кәсіпорын тергеу жұмыстарына толықтай қолдау көрсетіп, оның қорытындысы бойынша қабылданатын барлық қажетті шараларды орындауға дайын екенін жеткізді.
Еске салайық, бұған дейін Павлодар облысының Ақтоғай ауданындағы Жоламан ауылында орналасқан Aqtogai Milk ЖШС аумағында кәріз құдығындағы электр сорғысының ақауын жөндеу кезінде алты жұмысшы қаза тауып, тағы бір адам ауруханаға жеткізілгені хабарланған. Қаза болғандардың бірі кәмелетке толмаған жасөспірім болған. Әлеуметтік желілерде көз жұмғандардың арасында бір отбасының үш мүшесі – әкесі мен екі ұлы болғаны туралы ақпарат тарағанымен, бұл мәлімет әзірге ресми түрде расталған жоқ.