Павлодарда 9 тілде еркін сөйлейтін оқушы бар. 11-сынып оқушысы шет тілін үйренгісі келетіндерге дәріс береді. Жастайынан бірнеше тіл үйренуге деген қарым-қабілеті оны қазірдің өзінде үлкен табысқа кенелткен. Айханым Оқасова өз еңбегінің нәтижесінде Астанадан баспана сатып алған, деп хабарлайды Dalanews.kz "Жетінші арнаға" сілтеп.
Тіл үйренуге деген қызығушылық Айханым Оқасоваға анасынан дарыған. Ол әуелі қазақ тілін жетілдіріп, кейін ағылшын тіліне ден қойған. Ал уақыт өте келе француз әндеріне әуестеніп, осы тілге ерекше сүйіспеншілік танытқан.
"Француз тілінен кейін Павлодар қаласындағы Жастар ресурс орталығында корей тілі бойынша тегін курстар ашылды. Кейін курс аяқталса да, бұл тілге деген қызығушылығым басылған жоқ. Корей тілін жақсы деңгейде меңгергеннен кейін араб тілін үйрене бастадым, ал араб тілінен соң қытай тіліне көштім. Қазір түрік және неміс тілдерінде де еркін сөйлей аламын", - деді ол.
Айханым Оқасова шет тілдерін меңгеруді 6-сыныптан бастаған. Ол тілдерді өз бетінше оқулықтар, бейнесабақтар және тікелей қарым-қатынас арқылы үйренген.
Полиглот болашақта беделді шетел университетіне оқуға түсіп, жер жаһанды аралауды армандайды.
