Павлодар облысында 779 азамат тұрғын үй кезегіне қайта қойылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Павлодар облысында тұрғын үй кезегінен заңсыз шығарылған 779 азаматтың құқығы қалпына келтірілді. Бұл туралы облыстық прокуратура мәлімдеді. Әлеуметтік осал топқа жататын азаматтар тұрғын үйге мұқтаждар есебінен негізсіз шығарылған. Бұған жергілікті атқарушы органның тұрғын үй заңнамасын дұрыс қолданбауы себеп болған.
Прокуратураның араласуынан кейін 779 азамат тұрғын үй кезегіне бастапқы есепке қойылған күнінен бастап қайта енгізілді. Электрон базаға өзгерістер енгізілді.
Шарбақты ауданында да заңбұзушылықтар анықталған. Мұнда жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үй кезегіне уақытында қоймаған.
Мысалы, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған екі апалы-сіңлілі 2025 жылғы шілдеде тұрғын үй кезегіне тұруға құқылы болған. Алайда олар есепке бір жылдан кейін ғана қойылған. Осындай жағдай тағы 16 баладан анықталған.
Сонымен қатар, 2017 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған жетім бала да заңсыз түрде есептен шығарылған. Заң бойынша жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тұрғын үй алғанға дейін кезектен шығарылмауы керек.