Павлодар облысында 500 млн теңгеден астам жасырылған табыс анықталды

Павлодар облысында 500 млн теңгеден астам жасырылған табыс анықталды
ІІМ

Павлодар облысының прокуратурасы жеке сот орындаушыларының табысты жасыру деректерін анықтады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қадағалау органы жүргізген тексеру барысында тексерілген 73 жеке сот орындаушысының 53-інде декларацияда көрсетілмеген активтер болғаны белгілі болды. Прокуратураның араласуынан кейін олардың 535,6 млн теңге көлеміндегі табысы ресми түрде декларацияланған.

Камералдық бақылау нәтижесінде бюджетке 53 млн теңгеден астам жеке табыс салығы төленді. Сондай-ақ салықты уақытылы төлемегені үшін 10,2 млн теңге өсімпұл өндірілді.

Бас прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметінше, анықталған заң бұзушылықтарды жоймаған жеке сот орындаушыларына қатысты салықтық тексеру жүргізу мәселесі қарастырылып жатыр.

Мемлекеттік органдар мұндай шаралар көлеңкелі табыстарды анықтауға және салық тәртібін күшейтуге бағытталғанын атап өтті.