Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бұрынғы басшысы Қайрат Мутаевқа қатысты қылмыстық іс қозғады. Оған қарамағындағы қызметкерлер арқылы өзіне заңсыз сыйақы тағайындаған деген айып тағылып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, тәртіптік жазаға тартылғанына қарамастан, Мутаев орынбасары Ақбаян Сексенбаевамен бірге өзіне жалпы сомасы 7,5 млн теңге көлемінде сыйақы рәсімдеген.
Облыс әкімдігі оның бұл қызметтен кеткенін растады.
Қайрат Мутаев бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігінде жауапты лауазымдар атқарып, мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласын қадағалаған. 2022 жылдың шілде айында Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы басқармасын басқарған.
Заң бойынша тәртіптік жазаға тартылған мемлекеттік қызметшілерге сыйақы төлеуге тыйым салынған. Алайда бұл шектеу экс-шенеунікті тоқтатпағанға ұқсайды.