Теміртауда такси жүргізушісі төрт жасар қызды өзімен бірге ала кетіп, бір сағат бойы анасына қайтармаған.Бұл туралы бүлдіршіннің анасы мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz 31 арнаға сілтеме жасап.
Әйелдің сөзінше, ол InDrive қосымшасы арқылы такси шақырған. Бір жасар сәбиін қолына алып, алдымен төрт жасар қызын артқы орындыққа отырғызған. Ал өзі екінші бетінен отыруға бет алғанда көлік қозғалып кеткен.
Әйел қызын ажыратып алмау үшін көлікті қуып жетуге тырысқан. Бірнеше рет жүргізушіге қосымша арқылы қоңырау шалған. Алайда жауап болмаған. Кейін жүргізуші тапсырысты жауып тастаған.
Қарағанды облыстық ПД ақпараттық саясат бөлімінің уақытша басшысы Жансая Жүнісова оқиғаға қатысты пікір білдірді.
"Автокөлік иесі анықталып, жүргізушімен байланысқа шықтық. Жол бойында жүргізуші артқы орындықта ересек адамдарсыз отырған баланы байқап, дереу кері қайтып, қызды анасына тапсырды. Жүргізушіге жолаушыларды тасымалдау ережесін бұзғаны және заңсыз кәсіпкерлік қызметімен айналысқаны үшін әкімшілік іс қозғалды", - деді ол.
Ал компания жағдайға байланысты тексеріс жүргізуге уәде берді.
"Жүргізушінің аккаунты дереу блокталды. Ішкі талдау көрсеткендей, көлік бірнеше километр жүргеннен кейін кері бұрылып, бастапқы бағытқа оралған. Жүргізушінің рейтингі жоғары, бұған дейін шағым түспеген. Қосымша құқық қорғау органдарынан қосымша ақпарат сұрап, тергеуді жалғастыратын болады", - деді олар.
