25 қыркүйек күні таңертең Қазақстанның кейбір өңірлерінде электр қуаты уақытша өшті. Бұған көрші Өзбекстанның энергия жүйесінде болған ақау себеп болған, деп хабарлайды dalanews.kz.
KEGOC компаниясының мәліметінше, таңғы сағат 05:02 шамасында Өзбекстандағы электр станцияларының бірінде 1516 мегаватт қуат өндіру тоқтап қалған. Соның салдарынан Орталық Азия елдерінің ортақ энергия жүйесіндегі электр ағыны күрт өзгерген.
Осы жағдай Қазақстанның солтүстігі мен оңтүстігін жалғайтын негізгі электр желісінің жұмысына әсер етіп, ел ішінде тұтынушыларға берілетін электр қуатына уақытша шектеу енгізілген. Шектеу көлемі 962 мегаватт болған.
Компания апаттың алдын алуға арналған автоматты қорғаныс жүйелері қалыпты режимде жұмыс істеп, энергия жүйесінің тұрақтылығын сақтап қалғанын хабарлады.
KEGOC дерегінше, сағат 05:43-те Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі энергия жүйесінің жұмысы толық қалпына келтіріліп, тұтынушыларға қойылған барлық шектеу алынып тасталған.