Өзбекстанда интернеттегі еркіндікке шектеу күшейіп барады

Көркем Алдабергенова 18 нау. 2026 14:54

Өзбекстанда Олий Мажлис депутаттары елде көптен бері талқыланып келген заң жобасын үшінші оқылымда қабылдады. Құжатта әлеуметтік желідегі боғауыз сөздер, шетелдегі әскери қақтығыстарға қатысуды насихаттау және блогерлер арасында кең тараған құқықбұзушылықты «хайпқа» айналдыру үшін айыппұл енгізу қарастырылған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Компромат Центральная Азия" сарапшыларының айтуынша, қоғам жаңа заң күшіне енсе, интернеттегі рұқсат етілген шектің нақты қай жерде аяқталатынын түсінбей отыр. Өзбекстандық БАҚ-тың жазуынша, заң жобасындағы тұжырымдар тым жалпылама берілген. Сондықтан жаңа нормаларды іс жүзінде қолдану кезінде ненің «құқықбұзушылық», ал ненің «жай пікір» екенін нақты ажырату қиын болуы мүмкін.

Мысалы, әлеуметтік желілер мен интернеттегі былапыт сөздер, қорлау және ар-намыс пен қадір-қасиетті кемсітетін кез келген әрекет үшін жауапкершілік енгізілмек. Шолушылардың пікірінше, мұндай нормаға пікір жазудағы классикалық боғауыз сөз де, әлеуметтік желідегі «қатаң» сторис те еніп кетуі ықтимал. Бірақ шекараның нақты қай жерден өтетіні әзірге түсініксіз.

Әзірге бұл заң күшіне енген жоқ. Ол үшін құжатты Сенат мақұлдап, президент қол қоюы керек. Соған қарамастан, жалпы үрдіс қазірдің өзінде анық байқалады: мемлекет интернет кеңістігіне барған сайын белсендірек араласып, ондағы тәртіпті өз бақылауына алуға ұмтылып отыр.

Жалпы Орталық Азияда билік контентті тек өшіріп тастаумен шектелмей, платформалар мен контент авторларын алдын ала бақылауға көшкісі келетін үрдіс байқалады деген пікірлер айтылып жүр.

Өзбекстанда медиа кеңістік барған сайын қатаң бақылауға алынып жатқаны айтылады. Қазақстанда журналистерге қысым күшейіп, танымал Telegram-арналарды міндетті тіркеу мәселесі көтерілсе, Тәжікстанда блогерлер қызметін заңнамалық деңгейде реттеу жоспары жарияланған. Қырғызстанда медиаресурстарды мемлекеттік органдарда тіркеу талабы күшейіп, шетелдік меншік үлесін 35 пайызбен шектеу ұсынылған. Ал Түрікменстанда интернетке бақылау әлдеқашан қатаң жүйеге айналғаны айтылады.

Мәселеге кеңірек қараған саясаттанушы Дмитрий Никотин мұны жаһандық «цифрлық антиутопияның» басталуы деп бағалайды. Ол ағылшын философы Томас Гоббстың мемлекеттік құрылым туралы тұжырымдамасын қазіргі заманға бейімдеп, «цифрлық Левиафан» ұғымын қолданады. Сарапшының пікірінше, адамдарды цифрлық бақылау алдағы жылдары одан әрі күшейе түседі.

Оның болжамынша, бұл бақылау ашық та, жасырын да болуы мүмкін. Бірнеше жылдан кейін биометрия бүкіл әлемде міндетті нормаға айналып, адамдардың қаржылық еркіндігі шектелуі, әлеуметтік белсенділігі жаңа ережелерге бағынуы және қоғамның «ақпараттық көпіршіктерге» бөлінуі ғажап емес. Сондай-ақ ол цифрландыру мен халықты бақылау үрдісі технократияның күшеюіне, саяси партиялар институтының әлсіреуіне және соғыстардың сипатының өзгеруіне әкелуі мүмкін деп санайды. Оның ойынша, болашақтағы басты майданның бірі киберкеңістік болуы ықтимал.

Саясаттанушының негізгі түйіні де осыған саяды: заманауи IT технологиялар мен бақылау құралдары беретін цифрлық биліктен әлемдегі ешбір мемлекет өз еркімен бас тартпайды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove