Өткенде Ауыл шаруашылығы министрлігінің шақыртуымен Оңтүстік Қазақстан облысының Шардара және Мақтаарал аудандарын аралап қайттық. Біз не көрдік? Қандай мәселелермен таныстық? Сізге қызық болса, мұның бәрін төмендегі мақалада тарқатып айтатын боламыз.
Нанның қадірін білмей жүрміз бе?
Әуелгі әңгімені Ауыл шаруашылығы министрлігінің өзінен бастайық. Бұл министрліктің басынан дау арылмайды, негізі. Әсіресе, астық жинау науқаны кезінде былық көбейеді. Жылда бір ақпаратты естиміз: «Астықтың отыз пайыздайы жиналмай далада қалыпты...».
Естеріңізде болса, өткенде Ауыл шаруашылығы вице-министрі Сапархан Омаров «нанды турап сатайық» деп дүйім жұрттың жағасын ұстатқан. Оңтүстікті аралаған сапарымызда алдымен осы Омаровпен сұхбаттастық. Сонымен вице-министр не дейді?
– Журналистер жұртқа менің сөзімді дұрыс жеткізген жоқ. Мен егер «толық тауыса алмасаң, бір бөлкені бүтіндей алудың керегі жоқ» дедім. Себебі, нанға құрметпен қарау керек. Ас атасы – нан. Бүтіндей бір нанды сатып алып, кейін оны тауыса алмай, ақыры қоқысқа төге салатын адамдар жоқ емес, бар. Біз нанның қадірін білмей жүрміз, – дейді Омаров.
73 млрд. теңге қайда кетті?
Бірақ, сынға қалған жалғыз Омаров емес. Ауыл шаруашылығының басқа да құрылымдары жиі-жиі «көзге» түсіп жүр. Білетін болсаңыз, бұдан бұрын Есеп комитеті министрлікке қарасты Су ресурстары комитетінің жұмысынан бірқатар заңбұзушылықты анықтаған болатын. Әлгі заңбұзушылықтың құны – 73 млрд теңге делінген!
Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев ақпарат құралдарына қарата: «Айыптауға асықпаңыздар!» деген...
Соның себебін біз осы жолғы Оңтүстік сапарында білдік.
– Иә, біздің тарапымыздан заң бұзу болды. Мұны біле тұра жасадық. Өйткені елдік маңызы бар ұзақмерзімді жобаны аяқтау керек еді. Мемлекетке қаржылық тұрғыдан ешқандай зиян келтірген жоқпыз. Негізінде, аяқталмаған жобалардың саны оннан асатын, қазір бесеуі қалды. Жобаларды аяқтау үшін ішкі ресурстарымызды (қаржыны айтады –ред.) шығындадық. Иә, мойындаймыз, бұл да – заң бұзу. Бірақ, соның арқасында бір ғана су ресурстарын басқару бағдарламасы бойынша біз триллион теңге үнемдедік, – дейді Ислам Әбішев.
Ол нені айтып отыр? Нендей заң бұзған екен? Түсіндіре кетейік.
Сонымен...
Мұндай «заң бұзудың» бір мысалы – Шардара су қоймасындағы Арнасай бөгетін (плотинасын) реконструкциялау болыпты.
Бұл бөгет министрліктің ішкі қаражаты есебінен салынған екен. Негізінде, Шардара су қоймасын және оған жақын жатқан аумақты қайта қалпына туралы мәселе бұдан бірнеше жыл бұрын көтерілген еді. Осыдан үш жыл бұрын (2012 жылы) бөгет жасауға қажетті топырақты үюге 3 млрд теңге бөлінген. Болды.
Содан бұл жұмыс үш жыл бойына тоқтап қалып, былтырғы жылы қайта жанданған-тұғын. Су комитеті бөгет құрылысына қажетті қаражатты 14 млрд-тан 11 млрд теңгеге дейін қысқартыпты. Оның 5 миллиарды игеріліп қойыпты.
Қыркүйек айынан бері бөгеттің 11 шақырымы салынып, бұдан сырт оның жанынан 17 шақырымға созылып жатқан жол соғылуда екен. Оны да көрдік.
Ендігі жерде «бұл бөгет неге керек?» деген сауалға тоқталайық. Бұл үшін біріншіден, өткенге шегініс жасауға тура келеді.
90 жылдың басында Қазақстан мен Өзбекстанның шекарасы заң жүзінде бекітілгеннен кейін Шардара су қоймасы мен Арнасай бөгеті Қазақстанның аумағында қалады.
Ал су қоймасы мен бөгетке тікелей алып баратын және Мақтаарал, Шардара аудандарын байланыстырып жатқан қасқа жол...Өзбекстанның территориясында қалып қояды.
Ендігі жерде мұның салдары қандай болғанын айтайық? Бірнеше үлкен ауданды байланыстырып тұрған жол өзбектің жағында қалып қойғаннан кейін жұрт бөгетке қайықпен баратын болған. Әрине, амал жоқтықтан... Ал Мақтаарал мен Шардара аудандарының ел-жұрты бір-біріне қатынау үшін бұрынғыдай 30 емес, 160 шақырымды еңсеруге мәжбүр болған.
Бұған да шыдауға болар еді. Алайда жұрт көрші елге тегін ағып жатқан судан тапшылық көрмесе.
– Су қоймасының жобалық қуаты 5 млрд текше метрден асып түседі. Мұны біреу білсе, біреу білмейді. Жобалық қуатты осы көрсеткішке жеткізу үшін алдымен бөгетті бекіту керек еді. Себебі, қыста су аузы-мұрнынан шығып кететін, соның салдарынан суды ағытып жіберуге немесе регуляторда сақтауға мәжбүр болатынбыз. Бөгеттің қолдану ережесін қарасаңыз, «бұл бөгет ұзақ су сақтауға арналмаған» деп тайға таңба басқандай жазылған. Бірақ, жергілікті жұрт көкөніс, жеміс-жидек егеді. Амал жоқ, заң бұзып, суды суару науқанына арнап сақтайтынбыз. Бұл бақандай үш ай...Оңтүстік аграрлы өңір, мыңдаған гектардан асып жығылатын суармалы жер бар. Жұрт шілде тумай жатып судан тарығатын, астық күйіп кететін. Келесі жылы жүйелі жұмысты жолға қойып алғаннан кейін біз шаруаларға млрд текше метрден аса су беретін боламыз, – дейді Ислам Әбішев.
Суармалы жердің әрбір гектары жер емген адамға 5 мың доллар табыс береді екен. Шардараның шаруалары солай дейді. Бірақ, әрбір қыс немесе көктем сайын әлгі Арнасайдағы орасан мол су бөгет су сақтауға арналмағандықтан бекерге өзенге ағылып немесе құмға сіңіп келген.
Шардара су қоймасының бойымен бөгет салынарда Шардара ауданының әкімі ерекше қуаныпты.
– Біз бұл суды да, жолды да ұзақ күттік. Құдай қаласа, екі ауданның арасында жол соғылады, аралық қысқарады, су болады. Суармалы жеріміз көп. Мақта, жүзім, басқа да бақша өнімдерін егеміз. Екі ауданның арасында автобус жүргіземіз. Ал су қоймасының жанына жағажай салып, туризммен айналыспақ ойымыз бар. Қазірдің өзінде Шардарада балық өңдейтін шағын зауыттар жұмыс істейді. Бұған қосымша су келетін болса, ауданға әр кіреді, – дейді Хамит Әйтөреев.
«Шардара» өзбекке бұйырмады
Енді бұл «бөгет неге керек?» деген сауалдың екінші себебін айталық.
Ислам Әбішевтің айтуынша, бөгет әне-міне аяқталмақ. Құрылысы қаңтардың аяғына жетпей бітуі тиіс.
Неге? Бұдан кешіксе, күн жылып, Шардара су қоймасындағы судың деңгейі көтеріліп кетеді. Көтеріліп кетсе, дәл іргесіндегі шекараға жетіп, тіпті одан асып түсуі ғажап емес. Өзбектер де осыны күтіп отыр екен. Су өзбектің шекарасына жетсе, халықаралық су заңнамасының талабына сай көрші ел бұл суға таласа алады, тіпті суды өз игілігіне пайдалану мақсатында инфрақұрылым соғып алуы ғажап емес. Мұндайда Шардара су қоймасының тағдырын Өзбекстанмен бірігіп шешуге тура келер еді. Әзірге бұл сумен не істесек те, қалай қолдансақ та біздің еркімізде. Бөгетті ертерек салып бітірудің бір қажеттігі осында. Көрдіңіз бе, қалай?
– Бізді заң бұзды дейді. Иә, бұздық. Бүгінгі бөгет осы «заң бұзудың» бір дәлелі. Біз мұны өзіміздің ішкі қаражаттың есебінен салдық. Гидротехникалық құрылыста бізде 10 мыңға тарта маман бар. Жұмысы маусымдық. Маусымдық жұмыс болғандықтан 1500-ден аса арнайы техника қаңырап тұрды. Осы мамандарды, техниканы тартып, бюджетке артық салмақ салмай жұмысты бастап кеттік. Әзір бөгетті таспен емес, бетонмен тұрғызып жатырмыз. Мұның өзі үнемдеудің жолы, – дейді Әбішев.
P.S. Қорыта айтсақ, көргеніміз осы. Шардара су қоймасының бойымен бөгет соғылып жатыр. Болашақта жанынан жол жүреді. Бұл өз кезегінде шекараның кесірінен бір-бірінен «адасып», ауыл-аймақты байланыстыратын болады. Ең бастысы бұдан былай судан тапшылық тартпайды.
Думан БЫҚАЙ