«Өз еркімізбен кетпейміз»: Алматыдағы балалар үйінің ұстаздары билікке үндеу жолдады

Көркем Алдабергенова 01 там. 2025 16:49

Алматыдағы облыстық балалар үйінің ұстаздары өздеріне қысым жасалып жатқанын айтып, шағымданды. Педагогтардың сөзінше, басшылық олардан өз еркімен жұмыстан кету туралы өтініш жазуды талап етуде. Мекеме қызметкерлері бұл жағдайды өздерінің балаларды қорғаған әрекетімен байланыстырып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ұстаздар осы мәселе бойынша құқық қорғаушы Анна Черноваға бейнеүндеу жолдады. Ұжымның айтуынша, басшылық қиын сәтте жетім балалардың құқығын қорғаған қызметкерлерден құтылғысы келеді.

Бұған дейін жетім балаларды Алматы облысындағы мекемеден Қонаев қаласына көшіру жоспарланған еді. Кейін Президент Тоқаев араласып, балаларды Алматыда қалдыру туралы шешім шығарған болатын. Бұл туралы әкімдік те ресми мәлімдеген еді.

Дегенмен, педагогтар балалар үйін облыстан Алматы қаласының балансына көшіру процесінде бірқатар заңсыздықтар орын алып жатқанын айтады.

«Ұжым 31 шілдеде күтпеген жерден шақырылған жиналысқа түгел қатыса алмады. Жиналыста заңгер мен кадр бөлімінің өкілдері болған жоқ. Бізді жұмыстан шығармақшы. Қазір бізден өз еркімізбен жұмыстан кету туралы арыз талап етілуде. Ертең қалалық мекеме аясында қайтадан конкурс өтуге мәжбүрлейді. Бірақ кімнің жұмысқа алынып, кімнің сырт қалатыны белгісіз. Бұл – қызметкерлерге қысым жасау, педагог мәртебесін қорлау», – дейді ұстаздар.

Мекеме қызметкері Надежда Александровна кеше Астанадан Оқу-ағарту министрлігінен арнайы комиссия келгенін растады. Айтуынша, облыстық басқарманың өкілдері «бүгіннен бастап сіздер Алматы қаласына өтесіздер, бірақ алдымен жұмыстан шығып, конкурсқа қатысасыздар, содан соң қабылдаймыз ба, жоқ па – шешеміз» деп ашық айтқан.

«Бұл қалай болғаны? Өзіміз жұмыс істеп жүрген мекемеге қайтадан конкурс арқылы кіруіміз керек пе? Олар осылайша бізді жұмыстан шығарып, балаларды басқа екі орталыққа бөліп жібермек. Барлығы тыныш әрі тез өтеді деп ойлады. Бірақ біз бүгін таңертеңнен бастап наразылық таныттық. Қазір комиссияның қайта келуін күтіп отырмыз. Бізге 2026 жылдың наурызына дейін осы жерде қаласыздар деді, өйткені жөндеу жұмысы бірден басталмайды екен. Мен оларға айттым: "Қызметкерлерді жайына қалдырыңыздар!" Бұл бәрімізге психологиялық соққы болды. Бізді ешкім алдын ала ескерткен жоқ. Кеше бәріміз есеңгіреп қалдық. Олар бізді жазалағысы келіп отыр», – деді ұстаз.

Қазір ұжым алдағы күндері бұл мәселенің оң шешімін күтуде.

Еске салайық, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда жетім балаларды Қонаевқа күштеп көшіруді тоқтатуды тапсырған болатын

Қазіргі таңда Президент Әкімшілігі бұл жағдай бойынша тексеру жүргізіп жатыр. Арнайы топ құрылған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар