Бір апта бұрын шабуылға ұшыраған Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің жағдайы белгілі болды,- деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты.
"Төрт сағатқа созылған медициналық көмек көрсетіліп, науқасқа ота жасалды. Қазір науқастың жағдайы тұрақты, өз бетімен жүріп-тұра алады. Алайда әлі де дәрігерлердің бақылауында", - деді министр.
Әкімдік маңындағы атыс туралы
21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты маңында атыс болды. Салдарынан Руслан Берденов жарақат алды. Полиция мәліметінше, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Ал Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, Руслан Берденовке операция жасалған, өміріне қауіп жоқ.
"Шымкент қаласы әкімінің орынбасары оқ жарақатымен қалалық ауруханаға түсті. Оған шұғыл операция жасалды. Операция барысында қан кету тоқтатылды, зақым қалпына келтірілді. Өміріне қауіп жоқ", - деп жазылған бұған дейінгі хабарламада.
Мәліметке сүйенсек, оның жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланады. Шенеунік дәрігерлердің тұрақты бақылауында және қажет медициналық көмекті алып жатыр.