Кеше, 26 желтоқсанда кешкісін Ақтауда өткен баспасөз мәслихатында Көлік министрі Марат Қарабаев ұшақ апатының қалай болғанын айтып,хронологиясын тізбектеді. Оқиға орнында Әзірбайжанның авиациялық билігімен тығыз ынтымақтастықта жұмыстар жүргізіліп жатыр, деп жазады Dalanews.kz.
Министрдің айтуынша, ұшақ Ақтау әуежайының ұшу-қону жолағына жақындауға екі рет әрекет жасаған.
- Бейінді ведомствоның Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаментінің қызметкерлері тергеудің далалық кезеңін өткізіп жатыр.
- Әуежайдың төтенше жағдайлар қызметі ұшақты қабылдауға дайын болды. Экипаж ҚР әуе кеңістігіне кіргеннен кейін Ақтау қаласының мұнаралық диспетчерімен байланыс орнатты. Диспечер әуе кемесін қондыру үшін барлық қажетті іс-қимылдарды жедел көрсетті.
- Экипаж бағыт пен биіктікті тұрақты ұстап тұра алмады. Ростов-на-Донудың диспетчері Махачкала мен Бакудегі ауа-райы туралы мәліметтерді жеткізгеннен кейін экипаж Ақтауға ұшу туралы шешім қабылдағанын хабарлады.
- Сағат 10:53-те Ростов-на-Дону ұшулары жетекшісі Ақтаудағы ұшулар басшысына ұшақтың жолаушылар кабинасында оттегі баллоны жарылғанын, жолаушылар есінен тана бастағанын қосымша хабарлап, келіп жеткенде ұшақтағыларға реанимациялық шаралар керек болатынын айтқан.
- Жолақтың визуалды көрінісі анық болуы үшін шамдар қосылды.
- Экпипаж Ақтау әуеайлағының ұшу-қону алаңына жақындау үшін екі рет әрекет жасады, оның барысында ұшақтың ретсіз шайқалғаны байқалды.
- Ұшақ жағалау сызығына қарай ауытқиды. Сағат 11:28-де экипажмен байланыс үзіліп, әуе кемесі жермен соқтығысты.
- Бірден әуе кемесі құлаған жерге бірінші болып Ақтау әуежайының құтқару қызметі келіп жетті, олар борттағы жолаушыларды дереу эвакуациялауға кірісті.
Бұған дейін ҚР ТЖМ баспасөз қызметі әзірбайжан әуе компаниясына тиесілі ұшақ апатынан қаза тапқандардың тізімін жариялаған болатын. Қайғылы оқиға 25 желтоқсанда түске қарай болды. Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы Ақтау әуежайының маңында апатқа ұшырады. Соңғы ақпарат бойынша, 67 адамның 29-ы аман қалды, 38 жолаушы қаза тапты, олардың ішінде ұшақ экипажы да бар. Ұшақта Қазақстанның алты азаматы болғаны белгілі болды, өкінішке қарай олардың барлығы мерт болды. Оқиға орнынан ұшақтың екі "қара жәшігі" табылды. Олардың ұшақты жасап шыққан Бразилия компаниясының мамандары келмейінше, ашылмайтыны айтылады.