Алматылық полицейдің өліміне қатысты жаңа дерек тарады

Алматылық полицейдің өліміне қатысты жаңа дерек тарады
ашық дереккөзден

Алматы облысында денесі өртенген күйде табылған полиция қызметкері Аслан Әлсеровтің қазасына қатысты жаңа мәліметтер жарияланды. Алайда ақпараттың бір бөлігі әзірге ресми органдар тарапынан расталған жоқ, деп хабарлайды Alash.kz.

Алдын ала дерек бойынша, қайғылы оқиға Полиция күні қарсаңында болған. Сол күні марқұм жұмыстан үйіне кеш келген. Кейін үй ішінде тұрмыстық жанжал туындап, оның соңы төбелеске ұласуы мүмкін.

Бейресми ақпаратта Аслан Әлсеров пен оның жұбайының арасында бұған дейін де отбасылық кикілжіңдер болғаны айтылады. Дегенмен бұл мәліметтерге құқық қорғау органдары ресми түсініктеме берген жоқ.

Тергеудің алдын ала нұсқасына сәйкес, үйдегі жанжал кезінде әйелдің 15 жастағы екі ұлы мен олардың 14 жастағы танысы келген. Жасөспірімдердің бірі полицейдің басынан қатты затпен ұруы мүмкін деген болжам бар. Қазір тергеушілер соққының қандай затпен жасалғанын анықтап жатыр.

Кейбір мәліметтерде ес-түссіз жатқан ер адамның қол-аяғы киіммен байланып, денесі көрпеге немесе жаймаға оралғаны айтылады. Кейін оны көпқабатты үйдің маңындағы көлікке салып, Алматы облысының Кеген ауданына қарай алып кеткен болуы мүмкін.

Таңға жуық көлік Көкпек – Көктал – Кеген тас жолы маңына жеткен. Болжам бойынша, күдіктілер жолдан тауға қарай шамамен жарты шақырым жүріп, сол жерде полицейдің денесін өртеген.

Марқұмның сүйегін тауда жоғалған малын іздеп жүрген жергілікті тұрғын тауып, құқық қорғау органдарына хабарлаған.

Қазір қылмыстың мән-жайын анықтау үшін сот-медициналық сараптамалар тағайындалып, ерлі-зайыптылардың ұялы телефондары тексерілмек.

Алдын ала ақпаратқа сәйкес, Арайлым Әлсерова, оның екі ұлы және 14 жастағы жасөспірім ұсталған. Олардың уақытша ұстау изоляторына қамалғаны және кінәсін мойындағаны туралы мәлімет тарағанымен, ресми органдар бұл ақпаратты әзірге толық растаған жоқ.

Конституцияға сәйкес, күдіктілердің кінәсі сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін дәлелденген болып есептелмейді.

Аслан Әлсеров полиция қызметінде шамамен 10 жыл еңбек еткен. Ол бұған дейін арнайы жедел әрекет ету бөлімінде қызмет атқарып, кейін Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасының қылмыстық полиция бөлімінде аға детектив болған.