Ақтөбе облысының бір ауданында төтенше жағдай жарияланды

Ақтөбе облысының бір ауданында төтенше жағдай жарияланды
aqtobe_sergek

Ақтөбе облысының Байғанин ауданында қатты жел салдарынан жергілікті деңгейдегі табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Облыс әкімдігі мәліметінше, қатты жел аудан орталығындағы жеке тұрған бір қабатты дүкеннің шатырына темір байланыс мұнарасы құлауына себеп болған. Оқиға салдарынан үш адам зардап шегіп, аудандық ауруханада медициналық көмек алған.

Қолайсыз ауа райынан өңірдегі басқа да нысандарға зақым келген.

Жағдайды зерделеу нәтижесінде Байғанин ауданында жергілікті деңгейдегі табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимін енгізу туралы шешім қабылданған.

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың тапсырмасымен ауданға облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов барып, бүлінген нысанды қарап, электр желілерін қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты.

"Энергожүйе" ЖШС мәліметінше, күн күрт бұзылуына байланысты жедел штаб құрылған. Қарауылкелді ауылында электрмен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. 

Барлық жауапты қызмет күшейтілген жұмыс тәртібіне көшірілген.

Облыс әкімінің орынбасары жағдай Асхат Шахаровтың жеке бақылауында екенін айтты. Оның сөзінше, ауданға арнайы комиссия жіберілген, ал зардап шеккендерге заңнамаға сәйкес қажет көмек көрсетіледі.