Қазақстандағы құрылыс саласының дамуына Арқаның төсіндегі Астананың айрықша ықпал еткені даусыз. «Шеврон» компаниясы және «Қала мен Дала» газетінің бірлескен жобасы шеңберінде бұл жолғы әңгімеміз құрылыс саласы төңірегінде болмақ. Әрине, бұл саланың ауқымы кең. Бірді айтып, бірді қойып кетпеу үшін нақты тақырыпты таңдадық. Елімізде өндіріле бастаған заманауи композитті құрылыс материалдары мен тың технологиялар жайында сөз қозғаймыз.
Отқа салса жанбайды. Ол не?
Құрылыс саласында сұранысқа ие отандық құрылыс материалдары аз да болса бар. Солардың бірі, Жану мәселелері ғылыми-зерттеу институтының ғалымы Владимир Ефремов ойлап тапқан өртке қарсы жабын. Иә, солай. Жобаны ойлап табу үшін ғалым10 жылын сарп етіпті.
– Кез-келген құрылыс нысанын салғанда оның өртке қарсы қауіпсіздігіне мән береді. Құрылыс материалдарының 20 пайызы өрт қауіпсіздігіне жұмсалатынын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Өз басым өртке қарсы ХХХ14 жабынын әзірлеу үшін 10 жыл уақытымды сарп еттім. Біздің жабынды көрген адам алғашқыда бояумен шатастырады. Иә, оны бояу сияқты қолданылады. Дегенмен оны өртке қарсы жабын деп атаған жөн. Ол ағаш пен темірге бояу сияқты жағылғанмен, өрт орын алған жағдайда химиялық реакцияға түсіп, қалыңдығы 1-1,5 миллиметр көлеміндегі жабын көбіктеніп, өзінің бастапқы қалыңдығынан 50-100 есеге дейін ісініп шығады. Осылайша ХХХ14 құрылыс нысанының қаңқаларын жанып кетпеуден сақтайды.
Осы орадан ғалымның әңгімесін үзейік. Ол өз сөзінде «нысанның қаңқаларын сақтайды» дейді. Нысанның қаңқасы қазіргі күні темірден тұрғызылады? Ал темір отқа жанушы ма еді? Ғалымға осы сұрақты қойдық
– Иә, темір отқа жанбайды. Бірақ қандайда бір ірі нысанда алапат өрт болса температура 500 градусқа дейін көтеріледі.Тұтас ғимартты ұстап тұрған темір бағаналар жоғары температура кезінде өзінің беріктік қасиетін жоғалтады. Мұндай жағдайда темір бағандар майысып, көз алдыңызда ғимарат опырылып құлап түсуі мүмкін. Егер темір бағаналарды ХХХ14 жабынмен қапталса, мұның алдын алуға болады, – деді бізге ғалым.
Күшті иә? Ғалым бізге жобаны тәжірибе жүзінде көрсетті. Ағаштан жасалған екі иттің ұясының бірін ХХХ14 өртке қарсы жабынымен қаптап, екіншісін қаптамай өртегенде 10-15 минуттың ішінде қапталмаған ұяшық өртеніп, заматта күлге айналды. Ал өртке қарсы жабын қолданылған ұяшық ісініп, мүлде жанбай қойды. Бұдан кейін Владимир Леондвич жанбаған ұяшықтың сыртындағы көбікті қырып тастағанда ағаш өртенбек түгілі, күйікте шалмағанын көріп, қайран қалдық! ХХХ14 өртке қарсы жабынын қолданса 5 жылға дейін тілсіз жаудан қорықпауға болады екен.
Бастысы өндіріс бар. Жану мәселелері институты осы бір композиттік құрылыс материалын экспортқа шығарып жатыр.
Жердің үштен бірін құрайтын байлық
Базальт туралы не білеміз осы? Құрылысқа аса қажет осы бір қарапайым ғана тастың сырын білу үшін базальтты зерттеуге, сенесіз бе 30 жыл ғұмырын сарп еткен (!) Қуандық Бертаевпен сөйлестік.
Бертаев базальттың пайдалы зат екенін дәлелдеу үшін басындағы баспанасын да сатқан. Өкінішке орай, оның идеясы, ғылыми еңбегі елімізде лайықты бағасын алған жоқ...
Ғалым қазір Ресейде жұмыс істеуде. Бірақ бір сәтте де елін естен шығарған емес. Ресейге хабарластық.
– Базальттың соңына түсіп зерттегеніме 30 жылдан асты. Бүгінде жер бетіндегі темір рудасы таусылуға таяу. Ары кетсе 40-50 жылдан кейін темір таусылады. Бұдан кейін қолданыстан шыққан темір бұйымдарды қайта балқытып, біраз уақыт амалдаймыз. Бірақ дүниежүзі үшін темірдің орнын алмастыратын материал қажет. Сондықтан базальт біртіндеп темірдің орнын басатынына сенем. Өз басым базальтты алғаш рет жылу сақтау ісіне пайдаланып, оның шексіз мүмкіндігіне көз жеткіздім.
Осы арада ғалымнан базальт жайлы біраз қызықты деректі естідік. Білсек, базальт жібінің беріктігі аспалы көпірлерге пайдаланылатын тростан да мықты екен! Дегенмен, оның темірден қандай артықшылығы бар?
Ғалым бұған былай деп жауап берді:
– Ол өте жоғары температураға шыдайды. Бүгінде әуе мамандары ұшақ апаттарының көпшілігіне ұшақтың сыртына қатқан мұз да себепші болатынын айтуда. Егер біздер ұшақтың сыртқы бөлігіне базальтты қолдансақ, мұз қатады деп мүлде алаңдамаймыз. Өйткені базальттан жасалған жабынға ешқашан су тұрмайды, сырғып кетеді. Қыста ұшақтардың мұзын қағып әуреге түспейміз. Әлемдегі ең қатты зат алмас. Алмастың тығыздығы 10 пайыз болса, базальттікі 8-9 пайызды құрайды. Осыдан-ақ оның берік материал екенін байқауға болады. Электр қуатын тарататын кабельдің созылып кетпеуі үшін оның арасына болат темір салып келдік. Соңғы кездері болат сымды базальт жібі алмастыра бастады. Нәтижесінде, кабель біршама жеңілдеп, пайдалануға қолайлы болуда. Әдетте энергетиктер 50 шақырымға созылатын кабельді ауыр техникамен тартып машақатқа түсіп жатады. Ал арасында базальт жібі салынған жеңіл кабельді кез келген адам қолмен жинап алады. Егер болаттан жасалған кабельді реттеп жинамасаңыз шатасып кететіні белгілі. Ал базальт өзінің формасын еш уақытта жоғалтпайды, – дейді ол.
Аман Төлеев қазақ ғалымының көмегіне мұхтаж болған
Ресейдің Кемеров облысын ұзақ жыл басқарған қандасымыз Аман Төлеев Кузбастағы көмір кеніштерінде метан жарылыстары қайталана берген соң бұл тығырықтан шығудың жолын іздепті. Табиғатта метан газы көмірмен ілесіп жүреді. Кеншілер жерасты шахталарында тау-кен анкері деген құрылғыны пайдаланғанда, темір құрылғы тасқа тиіп, ұшқыннан жарылыс пайда болды екен. Өйткені, ұзындығы 3 метрді құрайтын құрылғы осыған дейін тек қана металдан жасалып келген еді. Қуандық Бертаев Кузбасс кеншілерінің құрылғысын базальттан жасап беріп, бұл мәселені біржола шешкен. Содан бері жарылыстар пышақ кескендей тыйылған.
Бұл ғана емес. Ғалымның айтуынша базальтты ұнтақтаса таптырмас тыңайтқыш екен. Айталық, әлемге раушан гүлдерін экспорттайтын Голландия әр гүлдің түбіне бір-бір қасық базальт ұнтағын себеді. Әрине, бекерден сеппейді ғой...
Үй салатын 3D принтер
Дамыған елдерде тұтас бір үйді заматта салып шығатын 3D принтерлер баяғыда пайда болған. Біз де қалыспайтын шығармыз. Бұлай байлам жасауымызға Жану мәселелері ғылыми-зерттеу институтының жас ғалымы Шыңғыс Қуанышбаевтың ғылыми ізденісі негіз болып тұр. Ол үй салатын 3D принтер құрастыру үшін Білім және ғылым министрлігінен 220 млн. теңге грант ұтты жақынды.
– Қытайда бардым. Олар үй салуда 3D принтерлер пайдаланып жатыр. Осы мақсатта Шанхайға барып, оның жұмысымен таныстым. Әрине, қазіргі заманда 3D принтер жасап көпшілікті таңқалдыра алмайсың. Бұл жерде мәселе осы принтерге құйылатын сұйықтықта. Әдетте үй құрылысына қажетті 3D принтерлерге бетонды пайдаланатыны белгілі. Бірақ оған қарапайым бетон жарамайды. Егер 3D принтермен үй салуды мақсат тұтсаңыз, 10-15 минуттың ішінде қататын бетон қажет. Қытайдың 3D принтерлерін тамашалағанда, оны құрастырушылар бетонның құрамы жайында сыр шашапады. Құпия ұстады. Осыдан кейін біздер бетонды зерттеп, оның құпиясын іздедік. Ізденістің арқасында полимер түтікшелерді ойлап тауып, оны бетонға қосып, 3D принтердің жұмыс істеуіне ыңғайлы бетон алдық, – дейді жас ғалым.
Енді үй салатын 3D принтер жайында айтайық. Шыңғыс болашақ 3D принтердің аумағы 15-20 метрді, биіктігі 7-8 метрді құрайды дейді. Ол біздерге болашақ принтердің шағын үлгісін де көрсетті. Қажетті бағдарламалар орнатылған шағын 3D принтермен түрлі мүсіндер басып шығаруға болады екен. «Жақсы, жарайсың!» дедік іштей.
Енді қазақстандық ғалымдар ойлап тапқан полимер түтікшелердің сырына тоқталсақ. Әдетте үй салғанда құрылысшылар темір арматураларды қолданып іргетас пен қабырғаның беріктігін қамтамасыз етілетіні баршаға мәлім. Бұл бұрыннан келе жатқан технология. Арматураны көлденеңінен және тігінен салып, қабырғанын беріктігін қамтамасыз етіп жүрміз.
Ал өте берік, адам шашынан 20 есе жіңішке полимер түтікшелерді бетонға араластырғанда ол айқыш-ұйқыш бағытта орналасып, іргетас пен үй қабырғасының беріктігін түрлі бағатты қамтамасыз ететін мүмкіндікке ие. Бұл өз кезегінде 3D принтерлермен үй салуға кеңінен жол ашып отыр.
Әңгіме барысында Шыңғыс мұндай полимер түтікшілерді өзге елдердің ғалымдары да ойлап тауып, құрылыс саласына пайдаланып жатқанын алға тартты.
– Біздің полимер түтікше таза қазақстандық өнім деп айтуға болады. Иә, осыған ұқсас полимер түтікшелерді өзге елдердің ғалымдары да ойлап тапқан. Бірақ олардың өнімдерінің бағасы өте қымбат. Біз осыған дейін күніне 10 грамм ғана полимер түтікше алушы едік. Қазіргі таңда құрылғымызды жетілдіріп, күніне 1 келіге дейін полимер түтікше алатын деңгейге жетуге күш салып жатырмыз. Бір тонна бетонға 1 келі полимер түтікше қоссаңыз, бетоның беріктік қабілеті бірнеше есеге артып шыға келеді – дейді ол.
Айтпақшы, Шыңғыстың жобасына қызыққан Малайзия мемлекеті ғалымды шақыртып жатыр екен. Бара ма, әлде бармай ма? Дарындыларды сақтап қалғымыз келсе олардың жобаларына қолдау көрсеткен жөн-ақ.
Дайындаған, Нұрлан Жұмахан