Отан қорғаушылар күні қарсаңында Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары Риддер қаласы маңындағы Иванов жотасында орналасқан, теңіз деңгейінен 2630 метр биіктікте жатқан “Үш ағайынды” шыңына көтерілді. Бұл шара – жас құтқарушылар үшін кәсіби шеберлікті шыңдаудың ерекше тәжірибесі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Бұл бағыт – альпинистік дайындықтың негізгі бөлігі ғана емес, сонымен қатар төтенше жағдайда қозғалу мен әрекет ету дағдыларын жетілдірудің бір жолы. Жас мамандар биік тауда зардап шеккендерді тасымалдау әдістерін меңгеріп, заманауи құрал-жабдықтарды қолдануды үйренеді”, – деді ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Исхар Савазов.
Шыңға шығу барысында қатысушыларға бірқатар маңызды міндет жүктелді: альпинистік дайындық деңгейін арттыру, жас құтқарушыларды биік тауда өмір сүру әдістеріне баулу, моральдық-психологиялық төзімділікті нығайту және арнайы жабдықтарды сынақтан өткізу. Сонымен қатар, жедел-құтқару жасағының жас қызметкерлері төмен температурада дала жағдайында өмір сүру машығын да игерді.
Іс-шара сәтті өтіп, барлық тапсырмалар толық орындалды. 2600 метрден астам биіктікке көтерілген құтқарушылар бұл жерге ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің туын тікті. Бұл – тек кәсіби шеберліктің емес, Отан алдындағы адалдықтың да белгісі болды.