Өскеменде жолаушылар көпірі опырылды. Оқыс оқиға 7 мамыр күні сағат 20:30 шамасында Өскемен қаласындағы Карбышев көшесінде болған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оқиға кезінде көпір үстінде 8 адам, оның ішінде төрт кәмелетке толмаған жасөспірім болған. Оқиға орнына жедел түрде төтенше жағдайлар қызметі мен жедел жәрдем бригадасы жетті. Зардап шеккендер дәрігерлердің тексеруінен өтті. Ауыр жарақаттар тіркелген жоқ, тек жеңіл сырылу мен көгеру анықталды.
Қазіргі уақытта зардап шеккендердің барлығына қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Жағдай Шығыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бақылауында.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғаға балалардың көпірді тербетіп ойнауы себеп болған. Кәмелетке толмағандар конструкцияны шайқағандарын мойындаған, соның салдарынан көпір төсеміне зақым келген. Қазіргі уақытта көпір келушілер үшін уақытша жабылады.