Өскеменде Қазақстан Республикасы мәслихаттарының 30 жылдық мерейтойы құрметіне және алдағы қыркүйекте Астанада жалауын желбірететін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын қолдау мақсатында ерекше спорттық іс-шара өтуде, деп хабарлайды Dalanews.kz Altainews.kz сайтына сілтеме жасап.
Төл ойынымыз тоғызқұмалақтан ұйымдастырылған «Абай жүлдесі» деген атауға ие облыстық жарысқа Шығыс Қазақстанның аудан-қалаларынан 30-ға жуық спортшы қатысты. Арасында жергілікті жердегі мәслихаттардың депутаттары, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де болды. Солардың бірі – ұландық Еркежан Абраимова.
– Мұндай жарыстарды біздерге беріліп отырған тамаша мүмкіндік деп білемін. Бұрындары ауданда, өзім сияқты педагогтар арасында өтетін жарыстарға қатыссақ, бүгін өзге өңірлер мен Өскемен қаласының тоғызқұмалақшыларымен шеберлік байқасудың реті келіп тұр. Бұл сайыста ең епті де ең алғыр ойыншының жеңіске жетуіне және алдағы республикалық жарыстарда облысымыздың намысын абыроймен қорғауына тілектеспін, – дейді Ұлан ауданы Мамай батыр ауылындағы Ломоносов атындағы орта мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Еркежан Абраимова.
Ең алдымен ұлттық ойынымыз – тоғызқұмалақты дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған турнирдің ашылу салтанатына облыстық мәслихаттың төрағасы Денис Рыпаков пен жергілікті тоғызқұмалақ спорты федерациясының президенті Есенберді Төлеубай сынды мәртебелі меймандар қатысып, спортшылардың жарыстың басталуымен құттықтады.
Жарыстың басы-қасында жүргендердің айтуынша, турнирдің «Абайдың» атымен аталуы да тегін емес. Себебі, тоғызқұмалақты хакімнің өзі сүйіп ойнаған-ды.
– Негізі бұл ойынның төрт мың жылдық тарихы бар. Оны «Қойшылардың алгебрасы» деп те атайды. Әрине, өскелең ұрпақтың ой-өрісін дамытуға көмектесетін тоғызқұмалақ сияқты ойындарымызды дәріптей беруіміз қажет. Сондықтан, қазір еліміздің түкпір-түкпірінде дәл осындай жарыстар ұйымдастырылып жатыр. Мұнда жеңіске жеткен тоғызқұмалақшылар Астанада өтетін республикалық жарысқа жолдама алады, – дейді Е.Төлеубай.
Бірнеше кезеңнен тұратын жарыс рапид жүйесі бойынша өтіп жатқанын айту керек. Жарысқа қатысуға ниет білдірген аудандар мен қалалардың командалары білімділер мен зейінділер бәйгесіне төрт ойыншыдан қосқан. Турнир шарты бойынша оның екеуі ер, екеуі әйел адам болуға тиіс.
Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен, алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.