Өскеменде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы орталық іске қосылды

Ақтоты Жапатова 03 мау. 2025 11:49

Өскеменде ерекше балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетілетін «DEMEY» Ресурстық орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты, – деп хабарлайды Dalanews.kz

Бұл орталықта балалар өз әлеуетін дамытып, ал ата-аналар қиын өмірлік жағдайларда қолдау ала алады.

Орталық тірек-қимыл аппараты бұзылған мүмкіндігі шектеулі балаларды дамыту және оңалту, сондай-ақ қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларды уақытша орналастыру, әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсету, құқықтық көмек алу мақсатында құрылды.

Ресурстық орталық Өскемен қаласында, Тургенев көшесі, 30 мекен-жайында орналасқан бұрынғы әкімшілік ғимаратында ашылды. Бұл нысан азаматтарды әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтер көрсету үшін берілген.

"Жаңа әлеуметтік нысанның ашылуымен құттықтаймын. Бұл ерекше кеңістік балалар үшін даму, жарқын эмоциялар мен жаңа жетістіктер орны болсын. Мемлекет мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиелеп отырған отбасыларға тұрақты түрде көмек көрсетіп келеді.

Бүгін біз әлеуметтік әріптестіктің лайықты үлгісін көріп отырмыз. «DEMEY» түзету орталығы мемлекеттік ғимараттан жаңа орын алып, жөндеу жұмыстары бюджет есебінен жүргізілді. Кәсіпкерлер жиһаздарды жаңартуға, заманауи дамыту құралдарын, жаттығу жабдықтарын сатып алуға өз үлестерін қосты", – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Облыс әкімінің айтуынша, жаңа орталық ерекше қажеттілігі бар балаларды қамтуды арттырып, оңалту жағдайларын жақсартуға, 18 жастан асқан психоневрологиялық ауытқулары бар адамдарға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

ШҚО бойынша осындай 3615 бала бар, оның ішінде облыс орталығында – 2156. Әлеуметтік төлемдер, арнайы әлеуметтік қызметтер, техникалық оңалту құралдары, үйде оқыту шығындарын өтеу көзделген. Қазіргі таңда 685 мүмкіндігі шектеулі бала арнайы әлеуметтік қызметпен қамтылған. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы 134 балаға оңалту, білім беру, түзету қызметтері көрсетілуде.

Орталықта реабилитологтың кеңесі, емдік және бейімдік дене шынықтыру, логопед, дефектолог, нейропсихолог, эрготерапевт қызметтері, дамытушы сабақтар, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды мектепке дайындау, түрлі үйірмелер (қолөнер, сурет салу) ұсынылады. Сонымен қатар, сенсорлық интеграция залы, релаксация бөлмесі, демалыс және ойын бөлмелері бар. Ерекше балалардың ата-аналары психологтың кеңесін ала алады.

Қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарды қолдау орталығында, дағдарыс бөлімшесінде психолог қызметі көрсетіледі, ұйықтайтын бөлмелер, өзін-өзі қамтамасыз етуге арналған жағдайлар, үш мезгіл тамақ, терапевт дәрігердің алғашқы тексеруі қарастырылған. Бұдан бөлек, мұндай отбасыларға жәрдемақы рәсімдеу және жұмыспен қамту бойынша көмек көрсетіледі.

Ресурстық орталықтың ресми ашылуынан кейін балаларға арналған ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар