Өскемен

Dalanews 27 қар. 2015 06:21 1058

Өскемен – шығыстағы қалың елдің еркесі әрі серкесі. Облыс орталығы. Тілі де, діні де басқа қырық ру жұрттың басын тоқайластырып, солардың береке-бірлігін пышыратып алмай, бір қазаннан ас алғызып, ұлттар мен ұлыстардың алтын арқаулы бесігін тербетіп отыр бұл қала. Қазақстандағы тұңғыш «Достық үйінің» осында ашылуы да тегіннен-тегін емес. Достық болмаса, мұнда ешқандай шаруаның оңтайы келмейді. Береке мен бірліксіз мұнда ешқандай мәселе жүзеге аспайды. Өңірдің түсті металлургия тайқазанын пілдің басындай алып шөмішпен арлы-берлі сапырып, тәңірге сәлемін ұялғаннан беріп отыруының өзі де бастауын ұлы достықтан алады...

Кеңестік жүйе жалп етіп құлаған шақта оң-солына алақтап, ауа жетпей алқынып, қаржылық тоқырауға ұшыраған түсті металлургияның алып кәсіпорындары Елбасының сарабдал саясатының арқасында тез арада инвесторлар тауып, мұржаларынан қайтара шудажал түтін бұрқылдата бастаған. Сол көкжал комбинаттардан таңғы талқанын айырып отырған қала мамыражай тірлігімен қайтара қауышқан. Тәуелсіздіктен кейінгі қаржылық дағдарыстар кезінде  үстіне бірқабат тәуір көйлек «киген»  қалалар бірен-саран болса, солардың көшбасында Өскеменнің болуы әлгі кәсіпорындардың арқасы деуіміз орынды шығар.

– Бүгінгі таңдағы басты шаруа – инвестициялық, концессиялық жобалар желісін дұрыс жолға қою. Бұл төңіректе атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Қазақ «Ел болам десең – бесігіңді түзе» дегенді тегіннен-тегін айтпаған. Бесік түзеу дегеніміз – өрімдерді жақсы балабақшалармен, жаңа типті мектептермен қамту. Қалада құны 4,1 млрд. теңгені құрайтын тағы да 6 балабақша кешені құрылысын салуға конкурс жарияланып, оны көршілес Қытайдың «Global Construction Technologies» серіктестігі ұтып алып, жұмысқа кірісіп те кетті. Құрылыс 2016  жылдың екінші жартысында іске қосылмақ. Қаладағы демография мәселесінің реттелуіне сәйкес, сәбилердің саны күн санап артуда. Балабақшаларға деген сұраныс тым үлкен. Қалада тағы да құны 3,3 млрд. теңгені құрайтын 5 балабақша салу жоспарлануда. Біз осы жобаларды жүзеге асырғанда ғана  барып, балабақшаларға деген талап-тілектерді қанағаттандыра аламыз, – дейді Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжанов.

Қала басшысының жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру мәселелеріне өте-мөте екпін түсіретініне көзіміз жетті. Қаладағы жалпы білім беретін 53 білім ордасында 32 950 бала білім алып жатса, солардың 70 пайызы қосымша білім берумен қамтылған. Ұлттық тестілеудің орташа балы жыл өткен сайын өсуде: мәселен 2012 жылы бұл көрсеткіш 79,19 балды көрсетсе, биылғы көрсеткіш – 86 балл. Шаһарда апаттық жағдайдағы мектеп жоқ...

[caption id="attachment_12578" align="alignleft" width="340"]1381221787_img_9935-kz Өскемен қаласының әкімі Т. Қасымжанов[/caption]

Қаланың бет-бейнесі, көркі әлгі бір аңыз ертегілердегі күн сайын емес, сағат сайын өсетін батыр ұландар іспетті. Биыл көркіне көзіңіз тоймай кеткен Өскеменіңізге келер жылы тағы бір мәрте соқсаңыз, танымай қалатыныңыз рас. Әсіресе биылғы жыл тым құнарлы болды. Өскемен Өскемен болғалы адам сияқты театрға жарымай, жат көздердің алдында нәсілі әбден түсіп болып еді. Ертістің сол жағалауында үлкен театр ғимараты бой көтеріп, қаланың салтанатына салтанат үстеді. Ең негізгісі – театр қазіргі заман театрларына қойылатын барлық талаптарға жауап бере алады! Бұл тұжырымды қала күніне орай ұйымдастырылған «Ақ Ертіс» классикалық Өнер фестиваліне алыс және жақын шетелдерден келген театр майталмандары айтып кетті.

Қаланың орталығындағы Республика алаңында заманауи сазды субұрқақ атқылап жатыр. Гагарин атындағы бульварда ғарыштық стильде жасалынған су жаңа аллея-гүлзардан қиял-ғажайыптар лебі еседі. Қала бойынша 60 мың шаршы метр аумаққа гүлдер отырғызылып, 62 аула жөндеуден өткізіліпті. Ескі Өскеменді жаңа Өскеменнің негізі қаланып жатқан – Тоқымашылар қалашығымен жалғастыратын, Ертістің үстін көктеп өтетін алып шаруақор көпір сандаған жылдар жүзінде демалыстың не екендігін білмей, халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп келіп еді. Сол сыр бере бастаған. Соған қосалқы көпір салып, ескісін жөндеп жатыр. Қала халқының саны  тым шапшаң қарқынмен өсуде. Баспанаға деген сұраныс жоғары. Сондықтан, жаңа тұрғын үйлер кешендерін салу да кезек күттірмейтін мәселе...

Қалада шағын және орта бизнес нысандарында жалақы қарызы, жұмыстан қысқарту сынды оқыс әрекеттер байқалмайды. Дегенмен, сақтық шаралары қажет. Барлық көлеңкелі құбылыстарға дайын болмаса болмайды. Міне, қала әкімі Темірбек Жұмақұлұлы бастаған билік тобының бүгінгі таңдағы барлық саналы тірліктері, күнделікті жұмыстары осы бір келеңсіздіктерді қайтсек болдырмаймыз, алдын қалай аламыз дегендей сауалдар төңірегін шиырлауда.

– Негізгі салмақ қаланың басым бөлігін асырап отырған кәсіпорындарға түсуде. Сонымен бірге жаңа кәсіпорындар да ашылып жатыр. Қазақта: «Қардың басын қар алар...» деген мәтел бар. Біз де қаржылық дағдарысқа қарсы өз технологиямызды қолданбақпыз. Ол – бұрыннан бар серіктестіктер мен фирма, тағы да басқа кәсіпорындарды одан әрі дамыту бір төбе, жаңадан жұмыс орындарын ашу. Сонда барып дағдарыс аждаһасының қомағай өңеші тығындалар шығар. Өскемен – республикамыздағы бірден-бір автокөліктер шығару орталығы. Жуырда «Автоваз» ААҚ-ы мен оның  қазақстандық серіктесі «Бипек авто» екеуі стратегиялық ынтымақтастық жағдайында біріккен кәсіпорын құру жайлы келісімге қол қойды. Енді Өскеменде автокомпоненттер шығару зауыты бой көтереді. Оның жылдық қуаттылығы 120  тоннаны құрамақ. Зауыт құрылысы 2 мың адамды жұмыспен қамтыса, зауыт іске қосылғаннан кейін 4 мың адам  онда тұрақты жұмыс істейтін болады. Ал шығысқазақстандық автокөліктерді сату өзімізден басқа Ресейдің Сібір және Орал өңірлерінде жүзеге асырылуда. Қаланың басты кәсіпорындарында қазақстандық өнімдерді пайдалануға басымдық берілуде. Жоспарлар да, жобалар да өте көп. Көбінің тағдыры қаржыға кеп тіреледі. Мәселен, Ертістің үстінен тағы бір көпір салуды көздеп отырмыз. Транспорт ағыны өте үлкен. Бір көпір тым аздық етеді. Өскемен-Семей бағытындағы күре жолға тікелей алып шығатын осы көпір құрылысы 57 миллиардтай теңгені қажет етіп отыр. Қаржылық жағдайымыз гүлденіп тұр деп кеуде соға алмаймын. Алайда, қолға алған жоспарларымызды орындап шығатынымыз сөзсіз, – деп Темірбек Жұмақұлұлы өзінің көгентүп сөзін өміршеңдік нотасымен аяқтады.

Әлібек Қаңтарбай,


Өскемен қаласы


 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар