– Бұл қызметке қашаннан бастап келдіңіз? Төтенше жағдай қызметіндегі еңбек өтіліңіз қанша жыл?
– Мен 1983 жылы 3 сәуірде Түркістан облысы Отырар ауданында дүниеге келдім. 2000 жылы мектепті тәмамдап, сол 2000 жылы Шымкент қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетіне алғашқы әскери дайындық және дене шынықтыру деген мамандыққа оқуға түстім. Төтенше жағдайлар қызметіне 2005 жылы келдім. Алматы облысы Талдықорған қаласына бірінші қарауыл бастығы болып жұмысқа кірдім. 2007 жылы Ордабасы ауданы Темірлан елді мекеніне отбасылық жағдайыма байланысты ауысып келдім.
– Төтенше жағдай қызметкері боламын деп бала кезіңізде армандап па едіңіз?
– Жас кезімде бұл мамандыққа қызығушылық болды. Бала кезден есімде қалған бір оқиға бар. Үйдің жанында көршінің қорасы жанып жатты. Ол кезде 7 немесе 8-сынып оқимын. Сол кезде өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері келген кезде соларға қарап қызықтым. Кейін өсе келе оқуды бітіргеннен кейін өз мамандығыммен жұмысқа тұруға мүмкіндіктер болды. Дегенмен осы сала қызықтырып, елге қызмет етейін, түсінейін деп осы жұмысқа келген жайым бар.
– Сіздің бұл қызметке келу оқиғаңыз қызық екен. Ал жалпы төтенше жағдай қызметкері қандай болуы керек деп ойлайсыз?
– Төтенше жағдай қызметкері болуы үшін адам іштей, психологиялық тұрғыда мықты болу керек, физикалық дайындығы да болуы қажет, оның үстіне өз бетінше шешім қабылдау алуы керек. Төтенше жағдайларға, өрт оқиғаларына барған кезде техникалық қауіпсіздікті, өртті сөндіріп жатқан қызметкерлердің қауіпсіздігін сақтай білу керек. Жалпы ең бастысы психологиялық тұрғыда, физикалық тұрғыда дайындығы мықты болуы қажет.
– Ал төтенше жағдай туралы шақырту түскенде қандай ой келеді?
– Төтенше жағдай туралы шақырту түскенде, ең бірінші міндетіміз – жол ережесін сақтай отырып, тез жету. Болып жатқан оқиға орнына жеткенше, сол жағдай туралы біліп, ал барғандағы бірінші міндетіміз – адамдарды құтқару. Ішінде адамдар қалды ма, шықты ма, жасөспірімдер бар ма, осыны анықтау. Одан кейін ғана мүліктерді, құнды заттарды құтқару және екінші ғимаратқа өртті өткізбеу. Сонымен қатар, қарамағыңдағы қызметкерлердің техникалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. Су жеткізуді қамтамасыз ету, жақын жерде қай жерде су бар екенін анықтау да маңызды. Осындай ойларда боламыз. Бұл жерде де психологиялық, физикалық жағынан мықты болу шарт.
– 18 жылдай уақыт ішінде қандай оқиғалар есіңізде қалды?
– Біздің өңір Түркістан облысы болмай жатып, мұнай базасына бардық. Жанармай жанған еді, соны 24 сағат өшірдік. Одан кейін 2019 жылы Арыс қаласына бардық. Қарауыл кезекшілікті қабылдаған кезде "Арыс қаласында әскери бөлім жанып жатыр" деген хабар түсті. Сол кезде жеке құраммен, яғни 5 адаммен шықтық. Оқиға орнына жеткенге дейін өзімізді дайындап бардым. Психологиялық тұрғыда, физикалық тұрғыда дайындалдық, жігіттердің өртке кіруін ұйымдастырып бардық.
Көз алдымызға халықтың бәрі қашып келе жатқаны көрінді. Қазірге дейін жүректе қалды. Оқиға орнына біз бірінші болып жеттік. Әскери бөлімнің алдына жеткенде әскери қызметкерлерден "артқа шегін" деген тапсырма келді. Біз шегініп бара жатқанда жарылыс болды. Біз кетіп бара жатқан жерден түсті. Ештеңе естілмеді. Өрт сөндіру көлігінің ішінде отырғанбыз. Жолдан кетіп бара жатқан бір апа мен бір әскери қызметкерді құтқарып алып қалдық. Апа жүре алмайды. Ол кісілерді жедел жәрдемге табыстадық.
Ал өзіміз әрі қарай тапсырма күттік. Кешке қарай жанып жатқан үйлердің бәрін сөндіріп, тапсырмамен жұмыс істедік. Ертесіне жанып жатқан ошаққа бардық. Үстімізге бронжилет кигізді. Арнайы баскиім кидік. Сол кезде қоймадағы оқ-дәрілерді өшірдік. Ол кезде қатты қорқыныш болмады деп ойлаймын, міндетімізді атқардық. Алдымызға міндет, тапсырма қойылды, соны атқардық. 10 күн сол жерде жұмыс атқардық.
– Адам құтқарған жағдайлар есіңізде ме?
– Иә, бұдан бөлек адам құтқарған жағдайлар да болды. 2022 жылы қаңтарда бала дәретханаға түсіп кеткен екен. Тереңдігі 4 метр болатын дәретханаға батып бара жатқан жерінен баланы да құтқарып қалған кездер болды. Темірланда су тасқыны болды. Оған да қатыстық. Сондай-сондай төтенше жағдайларда жұмыс істеген жайымыз бар.
– Төтенше жағдай кезінде қарапайым адамдар не істеу керек, қандай кеңестер бере аласыз? Бір төтенше жағдайды мысал ретінде келтіріп айта аласыз ба?
– Төтенше жағдай кезінде неше түрлі оқиғалар болады. Мысалы, жер сілкінісі болған кезде қауіпсіз аймақты іздеу керек. Ең бірінші үстел секілді қатты заттардың астына тығылып қалуға болмайды. Табалдырыққа, есіктің жанына тұруға болады. Яғни бірінші кезекте қауіпсіз жерді табу керек. Қай жер қауіпсіз деп санайды, сол жерге жасырыну қажет.
– Алдымызда қыс келе жатыр. Мұндай төтенше жағдайларға қатысты қандай кеңес бересіз?
– Түркістан облысындағы Созақ ауданына бара жатқан жолда көп оқиға болады. Адамдар қыстың күні қалып кетеді. Сондай кезде олар үсіп, жаурап қалып жататын жағдайлар болады. Қыста үсік шалып жатса, жақын жерде елді мекен болса, соған қарай әрекет жасау керек. Ол алыстау болған жағдайда көмек сұрау керек. Кейде интернет ұстамайтын жағдай болып қалады. Ондай кезде өзінің жанын сақтап қалу үшін жанғыш заттар болса, көмек келгенше, соларды пайдаланып, жылына тұру керек. Қыста адам құтқаруға барған кезде бір оқиға болған. Зардап шеккендердің бірі көліктерінің қосалқы бөлшектерін жағып, сол арқылы өздерін сақтаған екен. Біз барғанша, алғашқы көмек жеткенше, солай жылынып тұрған. Кейбіреулер қыстық киімін қалыңдау етіп киіп алған. Қыстың күні ұзақ жолға шыққанда, қыстық киімді молырақ алған дұрыс. Әрине, жолда қаламыз деп шықпайтыны да рас.
– Төтенше жағдай қызметіндегі еңбегіңіз үшін марапаттар алдыңыз ба?
– Ерлік үшін, Қайсарлық үшін деген марапаттар алдым. 2017 жылғы 18 қаңтардағы бұйрыққа сәйкес Ішкі істер министрлігі тапапынан ІІІ дәрежелі "Мінсіз қызметі үшін" медалін, 2022 жылы 11 шілдедегі бұйрыққа сәйкес Төтенше жағдайлар министрлігі тарапынан ІІ дәрежелі "Мінсіз қызметі үшін" медалін, 2019 жылы Ішкі істер министрінің бұйрығымен "Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін" меделін, 2018 жылы Ішкі істер органдары мен Ұлттық гвардия ардагерлерінің қазақстандық ұйымы тарапынан "Өрт күзетіне 1000 жыл" белгісін алдым.
– Сіз үшін төтенше жағдай қызметкері болу мақтаныш па?
– Маған өз жұмысым ұнайды, өз жұмысымды сүйіп атқарамын, жұмысқа құштарлықпен келемін. Елдің қауіпсіздігі үшін көмегім тигеніне мақтанамын. Қазіргі жастарға, келіп жатқан жаңа қызметкерлерге 18 жылдық тәжірибемді үйретіп, еліміздің дамуына үлес қосқым келеді. Сол үшін төтенше жағдай қызметкері болғаныма мақтанамын.
Сұхбаттасқан Қуаныш ЕРМЕКОВА