"Ордабасы ешкі сүт өнімдері" Нидерланд елінен ешкінің сүтті тұқымын сатып алды

Dalanews 07 қар. 2018 03:48 1563

 Түркістан облысында осыдан біраз бұрын ашылған тәулігіне 3 тонна ешкі сүтін өндіруге және 24 тонна сүт өңдеуге қауқарлы «Асыл тұқымды шаруашылық. Ордабасы ешкі сүт өнімдері» кооперативінің жұмысы өркендеп келеді.


Ешкі сүтінің адам денсаулығына пайдасы мол екені айтпаса да түсінікті. Серіктестік төрағасы Жеңіс Тоғызақбаевтың айтуынша өндірістік кооперативтің іске қосылған бірінші кезеңінде сауын цехы мен сүт өңдеу зауытының және жем-шөп жинау ғимаратының құрылысы аяқталған.


Оның айтуынша, Нидерланд елінен ешкінің Заанен тұқымын сатып алған. Даму жоспары үш кезеңнен тұратын жобаның жалпы құны 1 млрд. 829 млн. теңгені құрайды. Қазір мұнда 500 бас ешкі болса, жоспар толығымен орындалғаннан кейін 6 мың басқа жететін болады. Өсімділігі өте жоғары ешкі малы жылына егізден тауып, орта есеппен  100 басқа 200 төл береді екен.


Заанен тұқымының қазақстандық ешкілерден айырмашылығы – сүтті көп беруінде. Отандық ешкілер күніне көп дегенде 1,5-2 литр ғана сүт беретін болса, заанендіктер күніне 5-6 литр сүт береді. Бүгінде өндірілген ешкі сүтінен айран, қаймақ, құрт, сүзбе және йогурт өнімі шығарылып жатыр. Күніне екі мәрте сауылатын ешкі сүтінің литрі 500 теңге көлемінде саудалануда.


Алдағы уақытта кәсіпорын Италия елінің жаңа технологиялы құрылғыларымен қамтылып, сауын процесі мен сүт өңдеу процесі толығымен автоматтандырылатын болады. Осының нәтижесінде ірімшік және моцарелла ірімшігін жасауды жоспарлап отыр.



Ешкі сүті - анемияда, тағамдық аллергияда, туберкулезде, асқазан, ішек-қарын жолдарының ауруларында, диабетте, диатезде, ағзаның қорғаныс қызметін арттыруда, ағзадан ауыр металдардың тұздары мен радионуклидтерді шығаруда және көздің нашар көруінде пайдалы екен.  Сондай-ақ, ешкі сүтінде кальций, магний, фосфор, марганец, мыс, А, В1, С және Д дәрумендері мен аскорбин қышқылы бар.



 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар