– Осы оралмандардың еңбекқор екенін білемін. Таң атқаннан қас қарайғанша еңбектеніп, бір тынбай еңбек етеді. Бірақ кей мінездерін түсінбеймін? – деді ағамыз.
– Қай мінезін айтасыз? Әдебиетке құмарлығын айтасыз ба? – дедім.
– Жооғаа, – деді ағам ағам қабағын кіржитіп. – Әдебиетке құмарлығы білем ғой. Менің айтпағым басқа. Мен секілді малмен айналысатын Қытайдан келген оралман жігіт бар еді. Өткен сенбіде бәріміз мал базарға бардық. Сол жігіт Кегеннен келген бір қазақтардан төбедей сиырды арзанға, яғни, 120 мың теңгеге сатып алды. Жарықтықты бір жарым ай байлап сатсаң 180 мың ойланбай сатуға болар еді. Сиырды жетектеп базардан шыққанда алдымыздан біреу шығып, "мына сиырыңды маған сат" деп жармаса кетпесі бар ма? Әлгі жерде оралман жігіт саудаласып таудай сиырды 130 мың теңгеге сатып жіберді. Содан оған: "Оралмандар, сендер ойланбайсыңдар, 10 мың теңге пайдаға қызығып, төбедей сиырды сатып жібердің" деп ұрсып тастадым. Әдетте "оралмандарды сауданың қыр-сырын жетік меңгерген" деп жер-көкке сиғызбай мақтаймыз. Кейде жаңағыдай ақылға симайтын әрекетке барады. Әлгі сиырды бір жарым ай байлап сатса, 60 мың теңге пайда табар еді ғой, – деді ағам.
– Аға, меніңше жаңағы оралман жігітіңіз өте дұрыс істеген.
– Е, неге? Оның несі дұрыс? Ақылды адам төбедей сиырыды 10 мың теңге пайдаға бола сата ма екен? – деп өзінің ойынан айнымайтынын байқатты.
– Ойлаңызшы, оралман жігіт бір сағаттың ішінде – базардан шықпай жатып 10 мың теңге пайда тапты. Меніңше бұл сауданы жетік меңгерген адамның әрекеті емес пе? Жарайды, сіз ойлағандай әлгі жігіт сиырды үйіне әкеліп бір жарым ай жемдеп сатсын делік. Осы уақытта таудай сиырыңыз қанша жем-шөп жейді? Уақытыңызды бөліп, күтіп, қарауыңыз керек. Бұл үшін қаншама уақыт кетеді. Ал уақыт дегеніңіз қазіргі заманда – ақша. Әлгі жігітіңіз осының бәрін есепке алып, сиырды сатқанын білесіз бе?
– Қойшы, – деді ақыл-ойы Кеңес заманында қалыптасқан ағамыз, – сондай сиырды 10 мың теңге бола көзің қиып, қалай сатасың. Мен болсам байлап, бір жарым айдан кейін бірақ сатар едім, – деді төбедей сиырдың келісті бейнесі санасында сақталып қалған ағам.
Сіздер қалай ойлайсыз? Меніңше, оралман жігіт дұрыс істеген. Айналдырған бір сағаттың ішінде 10 мың теңге пайда тапты. Әрі ол жігіттің базардан тағы да арзан бағада таудай сиырды жетектеп қайтқаны анық. Сауданың философиясынан гөрі төбедей сиырды бір жарым ай байлап, оны таудай болғанын көру маңызды емес қой.
Нұрлан Жұмахан, журналист
https://dalanews.kz/27923