Орал қаласындағы жылу электр орталығында қуаты 12 мегаватт болатын жаңа №1 турбина іске қосылды. Осы турбинаның 100 пайыз тозығы жетіп, 10 жыл бойы жұмысы тоқтап тұрған болатын. Нәтижесінде ескі турбинаның орнына 3,2 миллиард теңгеге жаңа турбина сатып алынып, пайдалануға берілді,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Жаңа турбинаның іске қосылуы өз кезегінде энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта жылу электр орталығындағы өндіріс 46 МВт-ты құрайды. Жаңа турбинаның арқасында өндірілетін электр энергиясының қуаты 12 МВт-қа артады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – басты міндеттің бірі екенін атап өткен болатын. Облысымызда энергияны тұтыну қарқыны жылдан жылға артуда. Соңғы 10 жыл ішінде электр қуатын тұтыну көлемі 30 %-ға өсті. Бұл өз кезегінде энергия қуаттылығын арттыруды қажет етеді. Бүгінгі іске қосқан жаңа турбина тұрғындарымызға берілетін электр энергиясының мөлшерін арттыруға ықпал етеді»»,- деді Нариман Төреғалиұлы.
Айта кету керек, соңғы екі жылдың өзінде жылу-энергетика саласын жаңғырту мақсатында бюджеттен 15,6 миллиард теңге көлемінде қаржы бағытталған. Соның нәтижесінде бірқатар маңызды жобалар іске қосылды. Атап айтқанда: насостық стансадағы тарату құрылғысы, градирня, жаңа қазандық, №2 және №5 жылу магистралін қайта жаңғырту, сондай-ақ Зашаған кентіндегі жаңа қазандықтың құрылысы.
Сонымен қатар, Жапонияның әйгілі «Hitachi» турбинасына жөндеу жұмыстары басталды. Бұл – екіжақты келіссөздердің оң нәтижесі.
2035 жылға дейінгі аралықты қамтитын, 32 жобадан тұратын жол картасы бекітілген болатын. Онда: қысқа мерзімді — жалпы құны 33,9 млрд теңгеге 6 жоба; орта мерзімді — 117,7 млрд теңгеге 12 жоба; ұзақ мерзімді — 135,1 млрд теңгеге 13 жоба қарастырылған.
Қазіргі таңда қысқа мерзімде іске асырылуы тиіс жобалар дайын. Олар: Орал қаласы мен Зашаған кентіндегі №1 және №2 қазандықтардың жылу желілерін жаңарту, 6 және 7-жылу магистралдерін қайта құру, Құрылысшы және Солтүстік-Шығыс шағынаудандарындағы ішкі жылу желілерін ауыстыру жобалары. Сондай-ақ жылу электр орталығындағы №3 турбоагрегат, үш жылу магистралі мен үш энергетикалық қазандықты жаңарту жобалары да әзірленуде.