Шухрат Ибрагимов құны миллиардтаған теңгеге бағаланатын I Dynasty яхтасын сатылымға шығарды. Кеменің бағасы — 240 миллион еуро немесе шамамен 131 миллиард теңге, деп хабарлайды dalanews.kz.
"Выход к морю" телеграм арнасының мәліметінше, бұл яхта 2015 жылы марқұм кәсіпкер Әлижан Ибрагимов үшін арнайы жасалған. Ұзындығы 100 метрден асады. Ішінде бассейн, кинотеатр, сауна, хаммам, спортзал және қонақтарға арналған бөлмелер бар. Яхтаға бір уақытта 22 қонақ пен 15 қызметкер сыяды.
Қазір кеме Испанияның Малага қаласында тұр. Шетелдік деректерге сүйенсек, яхтаны күтіп ұстауға жыл сайын 15–20 миллион доллар кетеді.
Әлижан Ибрагимов 2021 жылы қайтыс болғаннан кейін, отбасының негізгі активтерін басқару ұлы Шухрат Ибрагимовқа өткен. Содан бері отбасы шетелдегі кейбір қымбат мүліктерін сата бастаған.
Мәселен, бұған дейін Ибрагимовтар Франциядағы зәулім үйін де сатылымға қойған. Сонымен қатар, БАҚ-та Шухрат Ибрагимовтың аты Қырғызстандағы "Кермет Банкін" сатып алу ісімен де байланыстырылған. Кейін бұл банк АҚШ, Ұлыбритания және Еуроодақ санкцияларына ілінгені хабарланды.