Түркістан облысы Ескі Иқан ауылында бұралқы ит бес жасар қызға шабуыл жасаған. Бала ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды dalanews.kz otyrar.kz-ке сілтеп.
Қыздың анасының айтуынша, күндіз қызын туыстарына жіберген. Бала басқа балалармен ойнап жүрген кезде кенет ит бас салған.
“Мен барғанша қызымды жансақтау бөліміне алып кетіпті. Ана үшін мұндайды көру өте ауыр. Қызымның бетінде сау жері қалмаған. Көзінің асты жыртылып, сүйегі көрініп тұр", - дейді ауыл тұрғыны Дилафруз Халикова.
Оқиғадан кейін отбасы иттің иесін іздеген. Алайда жануар қайдан келгені және кімге тиесілі екені әлі анықталмаған. Дәрігерлер ит баланың оң жақ бетін қатты талағанын растаған. Ота жасалғанымен, тыртықтар қалатынын да айтқан.
Түркістан қалалық балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі Гүлжазира Бердіәзімованың сөзінше, қыз травматикалық шок алған. Сонымен қатар, оның басынан жарақат пен құлаған кездегі соққылар анықталған. Қазір жағдайы тұрақты, ем қабылдап жатыр.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл өңірдегі алғашқы жағдай емес. Кейінгі уақытта бірнеше адам иттен зардап шеккен.
Сауран аудандық әкімдігі жағдай бақылауда екенін мәлімдеді. Билік өкілдерінің сөзінше, қаңғыбас жануарларды аулау және жою жұмыстары тұрақты жүргізіледі.
Басылым мәліметінше, ауданда иттерді аулау, ұстау және жою жұмыстарына 6,5 млн теңге бөлінген. Жыл басынан бері мұнда шамамен 50 ит ауланған. Оның 20-дан астамы қаңғыбас немесе иесіз жануарлар болған.