"МузАрт" тобының әншісі Мейрамбек Беспаев "Парасат" орденімен марапатталды. Бұл туралы әнші Сәкен Майғазиев әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады, деп жазады dalanews.kz.
22 мамыр күні Алматыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен мәдениет саласының бірқатар қызметкеріне мемлекеттік наградалар табысталды. Марапаттарды Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева тапсырды.
Сәкен Майғазиев досының қуанышына ортақтасып, Мейрамбек Беспаевтың қазақ өнеріне қосқан үлесін ерекше атап өтті.
"Сүйінші, Қазақ елі! Мейрамбек досым "Парасат" орденімен марапатталды! Қазақ өнеріне бергенің де, берерің де көп. Абыройың асқақтай берсін. Ақ жүрегіммен қуаныштымын, досым", – деп жазды ол.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада Мемлекет басшысы мәдениет және өнер саласының өкілдеріне мемлекеттік наградалар тапсырған еді.