Ақмола облысында 19 жыл бұрын 300 мың теңге ұрлаған ер адам қолға түсті

Ақмола облысында 19 жыл бұрын 300 мың теңге ұрлаған ер адам қолға түсті
gov.kz

Ақмола облысында полицейлер 20 жылға жуық уақыт бұрын жасалған қылмысты ашты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Тәртіп сақшылары шамамен 20 жыл бұрын болған ақша ұрлығын әшкереледі. Полицейлер күдіктінің ізіне 2007 жылы оқиға орнынан алынған саусақ іздері арқылы түскен.

Бұл оқиға 2007 жылы қарашада Атбасар қаласында болған. Белгісіз адам шаруа қожалығы иесінің гаражда тұрған көлігінен 300 мың теңге ұрлап кеткен. Ол кезде бұл қомақты қаржы саналған.

Жәбірленушінің арызынан кейін полиция жедел іздестіру жұмыстарын жүргізгенімен, күдіктіні сол уақытта анықтау мүмкін болмаған. Дегенмен криминалистер оқиға орнын мұқият тексеріп, саусақ іздерін алып, дерекқорға сақтап қойған.

Биыл көктемде атбасарлық жедел уәкілдер күдіктінің ізіне қайта түскен. Жергілікті тұрғын полицейлердің назарына есірткі қылмысына байланысты іліккен. Тергеу барысында одан саусақ іздері алынған.

Тексеріс нәтижесінде бұл іздер шамамен 20 жыл бұрын ұрлық жасалған жерден табылған іздермен толық сәйкес келетіні анықталған.

Ер адамның осы қылмысқа қатысы бары дәлелденіп, ол кінәсін мойындаған.