Қазақстанда зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегін есептеу әдістемесі қайта қаралды

Қазақстанда зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегін есептеу әдістемесі қайта қаралды
gov.kz

Қазақстанда зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеу әдістемесі өзгертілді. Бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры хабарлады., деп хабарлайды dalanews.kz.

Қор мәліметінше, өзгерістердің негізгі мақсаты – болашақтағы зейнетақы төлемдерінің көлемін арттыру және табысты алмастыру коэффициентін Халықаралық еңбек ұйымы ұсынған кемінде 40% халықаралық стандартқа жақындату.

Жаңа әдістеме болашақтағы зейнетақы төлемдерінің келтірілген құнын демографиялық және қаржылық параметрлерді ескере отырып есептеуге негізделген. Әзірлеушілердің айтуынша, бұл тәсіл болжамның тұрақтылығын күшейтіп, азаматтардың зейнетке шыққан кезде жинағы жеткіліксіз болып қалу қаупін азайтуы тиіс.

БЖЗҚ бұрын зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын шешіп алу кезінде төлем көлемі шамамен 50 мың теңгеге дейін төмендеуі мүмкін болғанын атап өтті. Бұл сома күнкөріс минимумына жуық деңгеймен салыстырылған.

Ал жаңа модель бойынша болашақтағы зейнетақы төлемдерін медианалық жалақының шамамен 40%-ына дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегі көлемінің ұлғаюы азаматтардың баспана алу немесе емделу мақсатында мерзімінен бұрын пайдалана алатын зейнетақы жинағының азаюына әсер етуі мүмкін. Өйткені енді қазақстандықтарға зейнетақы шотында көбірек қаражат қалдыру қажет болады.