Оралда өзінен кіші оқушыға әлімжеттік көрсеткен баланың ата-анасы жазаланды

Қаракөз Амантай 08 қар. 2024 17:20 337

Орал қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған сотында 10 жастағы баланы қорқытып, ақшасын тартып алған 13 жастағы жасөспірімнің анасына қатысты әкімшілік іс қаралды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Айыпталған баланың анасы сотта оның жәбірленушіні ұрып-соққанын, өз ұлымен сөйлескенін және ол өз әрекетін жоққа шығарғанын растады.

Жәбірленушінің анасының айтуынша, бала ұлын 2 жылға жуық уақыт бойы қорқытып келген. Баласы қатты қорқып қалғандықтан, ұзақ уақыт бойы өзін қорқытқан баланың атын айтпаған. Ол татуласудан үзілді-кесілді бас тартты.

Сот Р.-ның анасына әкімшілік жаза тағайындау кезінде оның асырауында кәмелетке толмаған үш баласы барын, жұмысының жоқтығын және тұрақты табысының болмауын, жауаптылықты ауырлататын мән-жайлардың анықталмағанын ескерді. Сот ӘҚБтК-нің 829-14 және 829-16-баптарын басшылыққа ала отырып, Р.-ның анасын ӘҚБтК-нің 127-2-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танып, оған әкімшілік жаза – ескерту тағайындады, – делінген Halyk Uni агенттігіне жолдаған хабарламада.

Осыған ұқсас әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс Қостанай облысының Бейімбет Майлин атындағы аудандық сотында қаралды. Онда да мектеп оқушысы сонда оқитын қызды жүйелі түрде қорлап, қорқытып әрі келемеждеген. Сотта айыпталушының әкесі кінәні толық мойындады.

Сотқа анасы қызының жүрегі ауыратынын, ал бала қызын мазақтап, қорқытқанын, соның салдарынан қызы күйзеліске түскенін айтқан. Ата-анасына баласының жөнсіз мінез-құлқы туралы бұған дейін де ауызша ескерту жасалғанын ескеріп, сот 25 мың 800 теңге айыппұл салды.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар