Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Семейдегі әкімді мақтаған видеоға қатысты ресми мәлімдеме жасалды

Семейдегі әкімді мақтаған видеоға қатысты ресми мәлімдеме жасалды
Ашық дереккөз

Абай облысының әкімдігі Семейде түсіріліп, әлеуметтік желілерде тараған облыс әкімін мақтаған екі жігіттің видеосына қатысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Абай облысы әкімінің баспасөз хатшысы Азамат Қасымның мәліметінше, видео 25 қараша күні кешке Instagram және TikTok әлеуметтік желілерінде жарияланған. Жазба анықталғаннан кейін оны авторлардың парақшаларынан өшіру туралы талап қойылып, нәтижесінде видео әлеуметтік желілерден алынып тасталған. Алайда осы уақыт аралығында оның көшірмелері WhatsApp мессенджері мен басқа да ақпараттық арналар арқылы тарап кеткен.

Баспасөз хатшысы аталған видеоның облыс әкімдігіне, оның құрылымдық бөлімшелеріне немесе өңірдегі мәдениет мекемелеріне ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, видеоны түсірген азаматтар мемлекеттік органдардың немесе мәдениет ұйымдарының қызметкерлері емес. Бейнежазба жеке бастамамен дайындалып, жарияланған. Облыс әкімдігі тарапынан мұндай мазмұндағы материалды түсіруге немесе таратуға ешқандай тапсырма берілмеген.

Азамат Қасым мемлекеттік органдардың, өңірлік мекемелер мен ресми тұлғалардың атын немесе беделін жеке бастамалармен байланыстыруға қатысты ақпараттың анықтығы мен шынайылығын сақтау қажет екенін атап өтті.

Сондай-ақ ол бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі қолданушыларын ақпарат таратқанда оқиғаның нақты мән-жайын ескеруге, расталмаған мәліметтер мен жаңсақ пайымдарға жол бермеуге шақырды.