Оқу жылы аяқталуға жақын: министрлік ата-аналар мен оқушыларға қатаң ескерту жасады

Оқу жылы аяқталуға жақын: министрлік ата-аналар мен оқушыларға қатаң ескерту жасады
gov.kz

Еліміздің мектептерінде 2025-2026 оқу жылы аяқталуға жақын. Биыл оқу жылын 3,9 миллионнан аса оқушы аяқтайды. Оның ішінде екі жүз он бес мыңнан астамы - 11-сынып түлектері, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оқу жылының қорытындысы бойынша 9-сыныпты үздік аяқтауға үміткерлер саны 31 мыңнан асады. Ал 11-сыныпты үздік аяқтауға 18 мың оқушы - үміткер. Бүгінде еліміздің білім беру ұйымдарында 420 мыңнан аса педагог еңбек етеді.

Министрлік мәліметінше, "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында 217 заманауи мектеп пайдалануға берілген. Оның 84-і ауылдық елді мекендерде орналасқан. Қазір бұл мектептерде 220 мыңнан аса оқушы білім алып, 16 мыңға жуық педагог жұмыс істеп жатыр.

Оқу жылы аяқталуына орай 25 мамырда еліміздің мектептерінде "Білімім – Отаныма!" тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өткізіледі. Сынып сағаттарында оқу жылы қорытындыланып, оқушылардың жетістіктері мен жарқын сәттері еске алынады. 

Оқу-ағарту министрлігі және жергілікті атқарушы органдардың бірлескен бұйрығы мен қаулысына сәйкес мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында салтанатты іс-шараларды мейрамханаларда, кафелерде, банкет залдарында, демалыс базаларында және табиғат аясында өткізуге тыйым салынады.

"Ата-аналардан, заңды өкілдерден және білім алушылардан салтанатты іс-шараларға байланысты ақша жинауға, сыйлықтар мен өзге де материалдық құндылықтар талап етуге жол берілмейді. Ал аттестат пен дипломды салтанатты табыстау рәсімдері тек білім беру ұйымдарының қабырғасында ұйымдастырылады", - деп жазылған хабарламада.