ОҚО-да «Қазақстанның үздік тауары» байқауының жеңімпаздары анықталды

Dalanews 27 мам. 2017 16:15 811

Шымкенттегі «Көрме» орталығында өтіп жатқан  «ONTUSTIK өнімдері-2017» көрме-жәрмеңкесі аясында  «Қазақстанның үздік тауары» байқауының жеңімпаздары анықталды. Жеңімпаздарды еліміздің  Дін істері және азаматтық қоғам  министрі Нұрлан Ермекбаев пен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Халықтың таңдауы», «Жыл серпіні», «Жыл бренді», «Әлеуметтік маңызды стартап» атты номинациялармен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыс етті.

Одан бөлек, конкурстың жеңімпаздары Астанада өткізілетін республикалық «Қазақстанның үздік тауары» көрме-конкурсына қатысуға жолдама  алды.

«Зерде-Керамика», «Хамит» АӨК, «Бал Текстиль» ЖШС, «АртСапалы құрылыс» ЖШС, «Мадлен» ЖШС мен  жеке кәсіпкер «Құдайбергенов» компаниялары жеңімпаздар қатарынан көрінді.

Айта кетейік,  сарапшы комиссия өкілдері экспозициялардың барлығын қарап, байқау қатысушыларын 3 аталым − «Халық үшін үздік тауар», «Өндірістік бағыттағы үздік тауар» және «Үздік азық-түліктік тауар» номинациялары бойынша анықтаған болатын.  Конкурсқа қатысушыларды бақылау кезінде алдымен тауардың сапасы мен бәсекеге қабілеттілігі ескерілді.

Оңтүстік Қазақстанның тауар өндірушілерін қолдау және оларды халыққа кеңінен таныстыруды мақсат тұтқан шараға күнгейде өндірілетін тамақ, фармацевтика, машина жасау, химия, құрылыс саласына қатысты 200-ден астам тауар өндіруші қатысты.



 

 ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар