Нақтырақ айтсақ, облыстық білім беру жүйесінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті одан әрі дамыту мақсатында 38 білім нысандарының құрылысын әріптестік есебінен 2017-2021 жылдар аралығында іске асыру жоспарланып отыр. Бүгінге дейін 4 жоба бойынша әлеуетті жекеше әріптестікті айқындау үшін конкурс өткізілді. Конкурсқа 5 жеке инвестор қатысты. Оның 4-і ең үздік конкурстық өтінім беруші ретінде тіркелді.
Атап айтсақ, Бәйдібек ауданы Бөген ауылдық округі Шалдар ауылындағы 140 орындық балабақша құрылысына «Қаракөл LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі үздік конкурстық өтінім беруші ретінде танылды. Бұл балабақшаның сметалық құны 422,860 млн. теңге болды.
Отырар ауданы, Көксарай ауыл округіндегі тұрғындар саны көп Көксарай елді мекеніндегі 240 орындық балабақша құрылысына «TOLAGAI-2050» ЖШС-і үздік конкурстық өтінім беруші ретінде танылды. Сметалық құны 508,746 млн. теңгені құрады.
Ал, бала туу көрсеткіші жоғары Түлкібас ауданындағы Ақбиік ауылында 100 орындық балабақшаның құрылысына «Ропроект» ЖШС-і үздік конкурстық өтінім беруші ретінде танылды. Оның сметалық құны 234,350 млн. теңгеден асты.