Оңтүстікте «WorldSkills Kazakhstan - 2018» чемпионаты басталды

Dalanews 26 сәу. 2018 16:48 632

Оңтүстік Қазақстанның орталығы Шымкент қаласында «WorldSkills Kazakhstan- 2018» өңіраралық чемпионаты басталды. Бұл іс-шара Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асыру шеңберінде жалпы еңбек қоғамын құру және жұмысшы мәртебесін арттыру бойынша облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өтуде.



Чемпионаттың ашылу салтанатына облыс әкімі Ж.Түймебаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ә.Бектұрғанов бастаған Мәжіліс депутаттары, «Нұр Отан» партиясының Орталық аппараты мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері және Өзбекстан Республикасы мен Жамбыл, Қызылорда облыстарынан делегаттар, облыстық мәслихаттың депутаттары сынды 500-ден астам адам қатысты. Білім сайысының қатысушыларына сәттілік тілеген облыс әкімі бүгінде елімізде техникалық-кәсіптік мамандарды даярлауға үлкен мән беріліп отырғанын атап өтті.

– Бүгінгі таңда елімізде индустриалды  инновациялық даму бағдарламасы іске асырылуда. Оны  жүзеге асыру үшін жаңа үлгідегі өндірістік желілерін ашу және жоғары білікті шебер мамандарды қалыптастыру талабы қойылды. Сондықтан да Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев елімізде білім беруді дамыту, соның ішінде техникалық-кәсіптік мамандарды даярлауға үлкен мән беріп отыр. «Қазақстан – 2050» стратегиясының негізгі басым міндеті елдің индустриялық-инновациялық даму сұраныстарын ескере отырып,  бәсекеге қабілетті кадрларды даярлау болып табылады.  Облыстағы техникалық және кәсіптік білім саласында  Елбасымыздың «Бес әлеуметтік   бастамасы» аясында ауқымды шаралар қабылданып және 2017 жылғы қыркүйектен бастап «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасы жүзеге асырылуда, – деді Ж.Түймебаев.

Салтанатты шараға қатысушы қонақтар сонымен қатар, студенттер жасаған ауылшаруашылық техникаларынан ұйымдастырылған және шығармашылық-инновациялық жобалық көрмелермен танысты.

Өңіраралық чемпионатқа Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарының колледждерінен 123 студент қатысуда. Төрт күн бойына жалғасатын білім жарысында қатысушылар инженерлік, сантехника және жылыту, веб-дизайн, электрмонтаж, кірпіш қалау, құрғақ құрылыс және сылақ жұмыстары, кескіндеме және сәндік жұмыстар, мобильді робототехника сынды 30 мамандық бойынша бақтарын сынамақ.

Техникалық және кәсіптік білім мекемелері студенттерінің арасында өткізілетін «WORLDSKILLS KAZAKHSTAN - 2018» өңіраралық чемпионатының жеңімпаздарына облыстық білім басқармасының І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдары мен медальдер тапсырылатын болады. Жарыстың жеңімпаздары 2018 жылы маусым айында Астана қаласында өтетін Ұлттық Чемпионатқа қатысатын болады.

Еске салсақ, былтырғы жылы өткен «WorldSkills Kazahstan -2017» Ұлттық чемпионатында  облысымыздан 9 құзыреттілік бойынша  қатысқан студенттердің 1-і алтын медаль, 5-і күміс медаль иеленсе, ал жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің студенті Ұлыбритания, Жапония, Қытай, ТМД елдері қатысқан «WorldSkills Rossia - 2017» халықаралық чемпионатында   ІІІ орынды жеңіп алған болатын.

Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысында 2017-2018 оқу жылында 94 (43 мемлекеттік, 51 жекеменшік) техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 74176 студент білім алуда. Оның ішінде 34592 студент мемлекеттік тапсырыспен оқиды.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

 

https://dalanews.kz/25304

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар