Қазақстанда оқушылардың оқу үлгерімін бағалау талаптары күшейтілмек. Жаңа ережеге сәйкес, 5–11 сынып оқушылары бір немесе екі пәннен жылдық қорытынды баға ретінде «2» алса, жазғы кезеңде қайта жиынтық бағалау тапсырады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қайта бағалау нәтижесі де қанағаттанарлықсыз болса, оқушыға жаңа оқу жылы басталғанға дейін тағы бір мүмкіндік беріледі. Егер бұл сынақтан да өте алмаса, оқушы сол сыныпта қайта оқуы ықтимал.
Жаңа тәртіп бойынша:
- 1-сынып оқушыларына баға қойылмайды;
- 2–4 сыныптарда 10 балдық бағалау жүйесі сақталады;
- 5–11 сыныптарда қорытынды бағасы «2» болған оқушылар қайта бағалаудан өтеді.
Ата-аналардың бір бөлігі бұл бастаманы қолдап отыр. Олардың пікірінше, оқушылар келесі сыныпқа автоматты түрде көшіріле бермей, алдымен біліміндегі олқылықтарды толықтыруы қажет.