Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Н. Дербісовтің айтуынша, облыс аумағында жалпы 43 су қоймасы бар. Оның 20-сы республикалық, 18-і облыстық және аудандық коммуналдық, 5-і жекеменшік саналады.
– Қоймалардың 90 пайызының құрылысы 1941-1990 жылдары аралығында салынып, пайдалануға берілген. Яғни, соңғы құрылыстың салынғанын есепке алғанда 25 пен 80 жыл аралығында үздіксіз пайдаланылып келеді. 2017 жылғы қазан-қараша айларында облыс аумағында орналасқан барлық су қоймалардың меншік түріне қарамастан ағымдағы жағдайын анықтау мақсатында облыстық құзырлы мекемелерден құрылған комиссия визуалды зерттеу жұмыстарын жүргізді, – деді Нұрболат Дербісов.
Басқарма басшысының айтуынша, бірқатар су қоймалары электр жарығымен, байланыс құралымен, арнайы күзетпен, бейне бақылаумен толықтай қамтамасыз етілуі керек.
Жиынды қорытқан өңір басшысы су қоймаларына қатысты олқылықтардың орнын толтыру мақсатында аудан, қала әкімдері мен тиісті мекеме басшыларына нақты тапсырмалар берді.
– Көктемгі су тасқынының орын алуына көбінде су қоймаларының материалдық-техникалық жағдайлары мен мекемдігі сеп болады. Осы жайды ескерсек, өңіріміздегі 43 су қоймасының қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырамын. Арнайы комиссия анықтаған олқылықтар толығымен орындалып, қажетті құрал-жабдықтар мен қамтамасыз етілуі қажет. Бұл ретте тиісті мекеме басшылары аудан, қала әкімдерімен тығыз байланыста жұмыс істеуі тиіс, – деді Жансейіт Қансейітұлы.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі