Оңтүстікке Кристин Муттонен келді

Dalanews 16 мау. 2017 13:16 728

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының төрайымы Кристин Муттоненмен кездесті, деп хабарлайды www.dalanews.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында екі тарап шекаралардың қорғалуы, әскери қатердің төндірілмеуі, саяси және экономикалық тұрақтылық, адам құқықтарының сақталуы, қоршаған ортаны қорғау мәселелері талқыланды.

«Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы – қауіпсіздік мәселелерімен айналысатын әлемдегі ең ірі  өңірлік ұйым. Ол бүгінде Солтүстік Америкада, Еуропада, Орталық Азияда миллиардтан астам адам өмір сүріп жатқан 56 мемлекеттің басын қосып отыр. Бұл ұйымға қатысушы мемлекеттерді ортақ құндылықтар, ортақ мақсаттар мен ортақ міндеттер біріктіреді, бәрінен бұрын – осы өңірді анағұрлым қауіпсіз, анағұрлым өркендеген өңірге айналдыруға деген ұмтылыс біріктіреді»,- деді Жансейіт Қансейітұлы.

Айта кетейік, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға, адамның негізгі бостандықтары мен құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған міндеттерге арқа сүйейді. Қауіпсіздік айқындамасы ретінде шекаралардың қорғалуы, әскери қатердің төндірілмеуі, саяси және экономикалық тұрақтылық, адам құқықтарының сақталуы, қоршаған ортаны қорғау алдымен қарастырылады.

«Оңтүстік Қазақстан облысының қонақжай халқына алғысым шексіз. Алдағы уақытта Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің екіжақты қарым-қатынасы жан-жақты дамиды деп сенемін»,- деді  Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының төрайымы Кристин Муттонен.

Мәртебелі қонақ оңтүстіктегі жұмыс сапары барысында өңірдегі этномәдени бірлестіктердің бастамасымен бой көтерген «Қазақ еліне мың алғыс!» монументімен, «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратындағы қазақтың ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесімен танысады деп жоспарлануда.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар