Бас режиссері – Данияр Серікбаев болып табылатын қойылымда сақтар дәуіріндегі қазақ даласын мекендеген еркін, азат, рухы биік, қайсар халықтың өмірі көрсетілген. Сонымен қатар, мұнда ұлы даланың қадір-қасиетін ұрпаққа насихаттайтын қазақ қызының қайсарлығы, тектілігі мен даналығы, Тұмар (Томирис) ханшайымы мен Кир патшасының арасындағы байланыс, қақтығыс, қақтығыстың шешілуі кеңінен көрсетілді.
Цирктік жанрлармен қамтылған тарихи бейнелерді Оңтүстік-Цирктің әртістері ойнап шықты. Қойылым 95 минутты қамтиды. Қойылым барысында клоундар мен акробаттар, әуе гимнасттары мен қиыннан қиысқан трюктер арқылы жауынгерлік үлгісін көрсететін ат өнерінің жігіттері, жыртқыш аңдар мен жан-жануарлар әлемі қызықты нөмірлерімен жаңа образдарды ойнап шықты.
Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай 2011 жылдың 17 желтоқсанында салтанатты түрде ашылып, пайдалануға берілген Оңтүстік-Цирк мекемесі күні бүгінге дейін күнгей өлкенің тұрғындары үшін жеке, тақырыптық бағыттағы бірнеше қойылымдарын ұсынған болатын. Олардың ішінде «Алақай, Балақай-1,2», цирктер арасында алғашқы театрландырылған «Джунгли» қойылымдары бар.
Күнгей өлкеде бой көтерген күрделі жанрлы цирк ғимаратына кәсіби мамандар топтастырылып, өңірдің дарынды жастары көптеп қамтылып, қиындығы мен қызығы қатар өнерге шыңдалды. Бүгінгі күнге дейін цирк әртістері республикалық, халықаралық байқауларда топ жарып, бірқатар жеңістерді бағындырып үлгерді.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі