Онлайн казино ісі: тағы бір блогерге іздеу жарияланды

Онлайн казино ісі: тағы бір блогерге іздеу жарияланды
ашық дереккөз

Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) онлайн-казино қызметіне қатысты тергеу аясында тағы бір блогерді іздеуге жариялады. Бұл жолы агенттіктің назарына 26 жастағы Махмуд Хикматов ілінген, деп хабарлайды dalanews.kz.

Журналист Михаил Козачковтың мәліметінше, Хикматовқа қатысты іздеу үш айдан астам уақыт бұрын жарияланған. Ол заңсыз интернет-казиноға адамдарды тартты деген күдікке ілінген «Pin Up» букмекерлік кеңсесіне қатысты қылмыстық іс бойынша іздестіріліп жатыр.

Дереккөздің айтуынша, «Pin Up» бренді әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы белсенді түрде жарнамаланған. Бұл науқанға түрлі танымал тұлғалар, оның ішінде бұған дейін халықаралық іздеуге жарияланған блогер Қайсар Қамза да қатысқан болуы мүмкін. Ал сол блогерлермен байланыс орнатуға және жұмысты үйлестіруге Махмуд Хикматов жауап берген деген болжам бар.

Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ. Себебі Хикматовтың өзі де Қазақстаннан кетіп қалғандықтан, оның бұл іске қатысы нақты анықталмай отыр.

Махмуд Хикматов әлеуметтік желілерде аса танымал болмағанымен, табыс табудың түрлі жолдарын іздеген. Ол поп-MMA жекпе-жектеріне қатысқан. Ашық деректерге сәйкес, оның мұндай турнирлердегі көрсеткіші – үш жекпе-жек және үш жеңіліс.

Сондай-ақ блогер бір кездері ерекше жарнамалық ұсынысымен де жұрт назарын аударған. Ол өз денесіне кез келген жарнаманы татуировка ретінде салдыруға дайын екенін айтып, бұл қызметі үшін 30 миллион теңге сұраған. Хикматов жарнама үшін салынған татуировканы өшірмейтінін мәлімдеген. Кейін бұл ұсынысқа келіскен тапсырыс беруші де табылғаны айтылған.