Әлеуметтік желіде облыстық онкологиялық орталықтағы жағдайға қатысты жарияланған жазба қызу талқылануда, деп хабарлайды dalanews.kz.
Тұрғын танысын ауруханаға жатқызуға бірге барғаннан кейін көрген жағдайын ашық жазып, денсаулық сақтау жүйесіндегі өзекті мәселелерді көтерді.
Автордың айтуынша, онкологиялық науқастардың бір бөлігі тексеруден өтіп, ем қабылдап, операцияға дайындық жұмыстарын контейнерлік ғимараттарда өткізуде.
«2026 жыл болса да, өзіңді Кеңес дәуіріне немесе дала госпиталіне келгендей сезінесің», – дейді ол.
Жазбада қабылдау бөлімінде кондиционердің жоқтығы, бөлменің тым қапырық екені айтылған. Мұндай жағдайдың ауыр ем қабылдап жүрген науқастар үшін тіпті қиын екеніне назар аударылады.
Сонымен қатар электронды кезек жүйесі жұмыс істемегендіктен, келушілер аты-жөндерін қағазға қолмен жазып, қабылдауды екі сағаттан астам күткен. Аурухана ауласында науқастар мен оларды алып келген азаматтар орындық жетіспегендіктен, ағаш паллеттердің үстінде немесе жерге отырып күтуге мәжбүр болған.
Тағы бір мәселе – байланысқа шығудың қиындығы. Автордың сөзінше, қолдау қызметінің қалалық телефон нөмірлері істемеген, тек ұялы байланыс арқылы ғана хабарласуға мүмкіндік болған.
Мекеме қызметкерлері қайта жаңғыртуға арналған жобалық-сметалық құжаттамаға қол қойылғанын, алайда құрылыс жұмыстарының нақты қашан басталатыны белгісіз екенін айтқан. Сондай-ақ контейнерлік ғимараттар мемлекеттік қаржыға емес, медициналық мекеменің өз қаражаты есебінен орнатылғаны хабарланған.
Осыдан кейін автор Денсаулық сақтау министрлігіне бірқатар сауал жолдайды. Оның пікірінше, өмірі үшін күресіп жүрген адамдар ең алдымен лайықты жағдайда ем қабылдауы тиіс.
Айта кетейік, бұл жарияланым әлеуметтік желідегі тұрғынның жеке жазбасына негізделген. Ресми органдар әзірге аталған жағдайға қатысты пікір білдірген жоқ.