Өңірлер арасында экономикалық дамудың көрсеткіш бойынша Абай облысы топ бастады

Dalanews 10 қаз. 2023 09:16 868

Биылғы жылдың алғашқы тоғыз айының қорытындысына сәйкес Абай облысы әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық негізгі көрсеткіштері бойынша өңірлер арасында алға шықты, – деп хабарлайды Dalanews.kz Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін ҚР Үкіметінің қаңтар-қыркүйек айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына арналған отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров барлық 7 экономикалық көрсеткіш бойынша 5 өңірде – Абай, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында өсім барын атап өтті.

Қазіргі уақытта ел экономикасының жалпы өсу қарқыны 4,7%-ды құрап отыр. Нақты сектор 3,7%, ал қызмет көрсету саласы 5,1%-ғп өсім көрсетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар да 12,1%-ға өскен. Экономиканың осы секторында Абай облысы – Маңғыстау, Түркістан және Павлодар облыстарымен қатар ең үздік көрсеткіштерді көрсетіп отыр.

– Алдын ала қорытынды нәтижесінде 2023 жылғы қаңтар-тамызда сыртқы сауда айналымы 4,2%-ға өсіп, 91,1 млрд долларды құрады. Экспорт 51,2 млрд. долларды құрап, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты 16,2 млрд. долларға жетті. Жалпы, оң сауда балансы 11,4 млрд долларға тең, – деді Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.


Сондай-ақ, орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 12,6%-ға артқан. Оң динамика 19 облыста байқалған, оның ішінде Абай облысы да бар. Бүгінде республикада 11,7 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл салада ең жоғары көрсеткіш Астана қаласында, сондай-ақ Ұлытау, Қызылорда және Абай облысында тіркелді.

– 9 айдың қорытындысы бойынша Абай, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстары мен Алматы және Шымкент қалаларында барлық негізгі көрсеткіштердің өсуі тіркелді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде   инфляция деңгейі 11,8%-ке дейін төмендеді. Жылдың соңына дейін 2,5 ай қалды. Экономиканың барлық салаларында өсу қарқынын арттыру үшін   жұмысты күшейтіп, нақты шаралар қабылдау керек, – деді Әлихан Смайлов.

Отырыс барысында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов барлық өңірлер нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізуді қамтамасыз етіп, осы бағыттағы жұмысты белсенді жалғастыруы қажет екенін атап өтті.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар