Ресейдің бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерінде Омбы мұнай өңдеу зауытына жасалған ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылы қызу талқыланып жатыр. Әсіресе ресейлік әскери сарапшы Борис Джерелиевскийдің “дрондар Қазақстан аумағынан ұшырылуы мүмкін” деген болжамы кеңінен тарады. Dalanews.kz тілшісі мәселенің мән-жайын анықтау үшін қазақстандық әскери сарапшы Ермек Сейтбаталовтың пікірін сұрады.
Бұл – дәлелсіз болжам
Ермек Сейтбаталовтың айтуынша, Омбы мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасаған дрондардың Қазақстан аумағынан ұшырылғаны туралы мәлімдемені әскери тұрғыдан негізді деп бағалау қиын.
Оның сөзінше, мұндай тұжырымды растайтын нақты техникалық немесе тергеу деректері жарияланған жоқ.
“Бұл мәліметті негізсіз пікір деуге болады. Қазақстанның батыс өңірлерінен бұған дейін ұшқышсыз аппараттардың сынықтары табылғанын дәлел ретінде келтіру – әскери сараптама үшін жеткіліксіз. Мұндай уәж баланың айтқан сөзі сияқты әсер қалдырады”, – дейді сарапшы.
Әскери сарапшы кім болуы керек?
Сейтбаталов Борис Джерелиевскийдің кәсіби дайындығына да тоқталды. Оның айтуынша, Джерелиевскийдің негізгі мамандығы – журналистика.
Сарапшының сөзінше, ол бүгінде Ресей Қарулы күштерінің материалдық-техникалық қамтамасыз етуіне арналған журнал редакциясында жұмыс істейді. Бұған дейін Ауғанстандағы соғыс кезінде мерзімді әскери қызмет өткеріп, кейін Шешенстандағы әскери қақтығыстарға қатысқан.
Алайда мұның өзі кәсіби әскери сарапшы болуға жеткіліксіз екенін айтады.
“Әскери сарапшы болу үшін әскери білім алып, оны тәжірибемен ұштастыру қажет. Қару-жарақтың атауын білу аздық етеді. Оның техникалық сипаттамасын, қолданылу ерекшелігін, өндіріс технологиясын, тиімділігін және әскери жағдайда қалай пайдаланылатынын терең меңгеру керек”, – дейді Ермек Сейтбаталов.
Дрон қай жерден ұшқанын қалай анықтайды?
Әскери сарапшының айтуынша, ұшқышсыз ұшу аппаратының нақты қай жерден ұшырылғанын анықтау өте күрделі.
Оның сөзінше, бұл үшін тек картаға қарап немесе географиялық жақындыққа сүйену жеткіліксіз.
Сарапшының айтуынша, ұшыру орнын анықтау үшін сол аумақтағы куәгерлердің мәліметі, радиолокациялық бақылау, спутниктік ақпарат және басқа да техникалық деректер қажет. Оның үстіне Омбыдағы шабуыл таңғы уақытта жасалғандықтан, түнгі жағдайда мұндай бақылау жүргізу одан сайын қиындай түседі.
“Соққы жасалған жерден кері бағыт бойынша нақты қай жерден ұшқанын анықтау мүмкін емес. Бұл тек болжам болады. Ол болжамның шындыққа жақындауы үшін дронның қанша жанармаймен ұшқаны, нысанаға жеткен кезде қанша отын қалғаны, қандай бағытпен ұшқаны, әуе қорғаныс жүйелерін қалай айналып өткені сияқты көптеген техникалық мәлімет қажет. Ондай ақпарат жарияланған жоқ”, – дейді ол.
Сейтбаталовтың пікірінше, мұндай жағдайда бір ғана сарапшының жеке пікірі ешқандай қорытынды жасауға негіз бола алмайды. Мұндай мәселеде ресми тергеу нәтижелері мен техникалық сараптама ғана шешуші рөл атқарады.
Қазақстаннан ұшырылды деуге негіз жоқ
Кейінгі жылдары Украина алыс қашыққа ұша алатын дрондарды белсенді түрде жетілдіріп келеді. Сондықтан Омбыға жасалған шабуылдың өзі автоматты түрде Қазақстан аумағынан ұйымдастырылды дегенді білдірмейді.
Ермек Сейтбаталов қазіргі заманғы ұшқышсыз аппараттардың мүмкіндігі айтарлықтай артқанын айтады.
“Қазіргі украиналық ұшқышсыз аппараттардың үш мың шақырымнан астам қашыққа ұшу мүмкіндігі бар. Қозғалтқыштардың үнемділігі артып, жанармайды тиімді пайдалану технологиялары жетілдіріліп жатыр. Соғыс инновацияны жеделдетеді. Сондықтан мұндай қашықтың өзі Қазақстан аумағын міндетті түрде пайдаланды деген сөз емес”, – дейді әскери сарапшы.
Дәлелсіз айыптау қандай қауіп төндіреді?
Сарапшы ешқандай дәлелсіз басқа мемлекетті шабуылдарға қатысы бар деп айыптау өзара сенімді әлсіретіп, күдік пен араздықтың туындауына себеп болатынын жеткізді.
“Егер дәлелсіз осындай айыптаулар жиілесе, мемлекетаралық сенім бұзылады. Екі елдің арасына күмән мен түсініспеушілік кіреді. Халықаралық қауымдастық алдында да мұндай мәлімдемелердің салдары болуы мүмкін. Сондықтан мұндай мәселеде тек ресми дәлелдер мен сараптамаларға сүйену қажет”, – дейді Ермек Сейтбаталов.
Оқиға неден басталды?
5 шілдеге қараған түні Ресейдің Омбы қаласындағы мұнай өңдеу зауытына ұшқышсыз ұшу аппараттарымен шабуыл жасалды. Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценконың мәлімдеуінше, әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері дрондардың басым бөлігін жойғанымен, зауыт аумағында өрт шыққан. Кейін өрттің сөндірілгені хабарланды.
Оқиғадан кейін ресейлік БАҚ пен Telegram-арналарда шабуылдың қай бағыттан жасалғанына қатысты түрлі болжам тарай бастады. Солардың ішінде ресейлік әскери сарапшы ретінде таныстырылған Борис Джерелиевскийдің мәлімдемесі ерекше назар аудартты.
Ол Украинадан Омбыға дейінгі қашықтық шамамен 2,5–2,7 мың шақырым болғандықтан, мұндай шабуылды жасаған дрондар Қазақстан аумағынан ұшырылуы мүмкін деген болжам айтты. Оның пікірінше, бұған дейін Қазақстан аумағында белгісіз ұшқышсыз ұшу аппараттарының сынықтарының табылуы осындай нұсқаны қарастыруға негіз бола алады. Сондай-ақ ол Украина дрондарды Қазақстанның кең даласына жасырын жеткізіп, сол жерден ұшыруы мүмкін екенін алға тартты.
Бұл болжамға қандай қарсылық айтылды?
Алайда бұл мәлімдеме әскери сарапшылар арасында күмән тудырды. Бірқатар сарапшыДжерелиевскийдің пікірі нақты дәлелдерге емес, географиялық болжамға ғана сүйенетінін айтты.
Мәселен, “Юрта аналитиков” Telegram-арнасы әскери шабуылдың бағыты картаға қарап емес, арнайы техникалық деректер арқылы анықталатынын жазды. Атап айтқанда, радиолокациялық бақылау, ұшу траекториясы, телеметриялық мәліметтер, навигациялық блоктардың қалдықтары, қозғалтқыш пен жанармай ерекшеліктері, спутниктік бақылау материалдары және дрон сынықтарына жүргізілген сараптама ғана ұшыру орнын анықтауға негіз бола алады.
Сондай-ақ Қазақстан аумағында бұрын табылған дрон бөлшектерінің өзі олардың дәл осы жерден ұшырылғанын білдірмейтіні айтылды. Сарапшылардың пікірінше, ұшқышсыз аппараттар бағытынан ауытқып кетуі, радиоэлектрондық күрес құралдарының ықпалына ұшырауы, әуе қорғаныс күштерімен атып түсірілуі немесе техникалық ақау салдарынан құлауы мүмкін.
Ұшу қашықтығы туралы пікірталас
Бұған қоса, сарапшылар қазіргі заманғы украиналық алыс қашыққа ұшатын дрондардың техникалық мүмкіндіктеріне назар аударды. Ашық дереккөздерде жарияланған мәліметтерге сәйкес, кейбір жаңартылған украиналық FP-1 үлгісіндегі дрондардың ұшу қашықтығы 3 400 шақырымға дейін жетеді.
Сондықтан Омбы қаласының Украинадан шамамен 2 700 шақырым қашықта орналасуы дрондардың міндетті түрде Қазақстан аумағынан ұшырылғанын дәлелдемейді. Әзірге мұндай нұсқаны растайтын ресми тергеу қорытындысы немесе техникалық айғақтар жарияланған жоқ.