Freedom Inside '26

Олжас Бектенов Президенттің нақты секторды дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді

Олжас Бектенов Президенттің нақты секторды дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді
Фото: Үкімет

Премьер-министр Астана қаласына жұмыс сапары аясында Президенттің өнеркәсіпті дамыту, инфрақұрылымды нығайту және АӨК-тегі қайта өңдеуді тереңдету жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді. Олжас Бектенов логистикалық орталық, медициналық бұйымдар өндіретін зауыт, нан-тоқаш, сүт және ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындарға барды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қала экономикалық дамудың жоғары қарқынын сақтап, еліміздің жетекші іскерлік орталықтарының бірі ретіндегі рөлін нығайтып отырғанын баяндады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнім көлемі 18,9 трлн теңгеге жетті. Елорда негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі бойынша республикада бірінші орында тұр. Биылғы төрт айда 587 млрд теңге инвестиция тартылды, оның шамамен 80%-ын жеке инвестициялар құрады. Қазіргі таңда Астанада 246 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл секторда шамамен 560 мың адам жұмыспен қамтылған. ШОБ-тың қала экономикасына қосқан үлесі рекордтық деңгейге – 66%-ға жетті. 2026 жылы 26 өнеркәсіптік жобаны іске қосу жоспарланған. Қазірдің өзінде құны 32 млрд теңге болатын 8 жоба пайдалануға беріліп, 500-ге жуық жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ жыл соңына дейін құны 36 млрд теңге болатын 18 жобаны іске қосып, мыңға жуық жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.

Премьер-министрге «Technodom» көтерме-бөлшек сауда кәсіпорны» АҚ заманауи логистикалық орталығында кешеннің жұмысы мен елорданың көлік және қойма инфрақұрылымын одан әрі дамыту жобасы таныстырылды.

Ауданы 22 мың шаршы метрден асатын логистикалық орталық 11 мың паллеттік орынға есептелген. Мұнда жалпы аумағы 3,5 мың шаршы метрді құрайтын температуралық режимі бар үй-жайлар қарастырылған. Кәсіпорын тәулік бойы жұмыс істейді және тауарларды қабылдау мен сақтаудан бастап, оларды жинақтау және жөнелтуге дейінгі қызметтердің толық циклін қамтамасыз етеді. Орталық қойманы басқарудың автоматтандырылған жүйелерімен және тиімділікті бақылау құралдарымен жабдықталған. Бүгінде логистикалық кешен жұмыс ауқымымен 100% қамтылған. Орталықтың қызметін Wildberries, Ascona, Gold Service Logistic және басқа да компаниялар пайдаланады. Нысанда 200-ден астам жұмыс орны ашылған. 

Сонымен қатар Премьер-министрге жеке инвестиция көлемі 300 млн асатын 223,1 гектар логистикалық парк жобасы таныстырылды. Әлеуетті қатысушылар арасында YXE Trading Service Group, S Sistem Lojistik Hizmetler, «Қазпошта» және Rhino Logistic компаниялары бар. 

Сондай-ақ Астана қаласында Wildberries Kazakhstan компаниясының ірі логистикалық хаб құрылысының барысы таныстырылды. Жалпы аумағы 160 мың шаршы метрді құрайтын жоба аясында 6 мың жұмыс орнын ашу көзделген. Нысанды пайдалануға беру 2027 жылдың І тоқсанына жоспарланған. Жобаның инвестиция көлемі – 47,7 млрд теңге. 

Олжас Бектенов логистикалық инфрақұрылымды дамыту экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың және Қазақстанның транзиттік әлеуетін одан әрі нығайтудың маңызды шарты екенін атап өтті. Президент жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылын ескере отырып, цифрлық шешімдерді енгізуге және процестерді автоматтандыруға ерекше назар аудару керек.

«Heart Center Foundation» ҚҚ зауытында Олжас Бектенов медициналық мақсаттағы пластикалық бұйымдар өндірісінің іске қосылуымен және кәсіпорынның технологиялық жабдықталуымен танысты. Жобаның соңғы кезеңі жүзеге асырылуда. Зауыт 2026 жылдың мамыр айында пайдалануға берілген, тамызда барлық желі бойынша өнім шығару басталады, ал биылғы қыркүйек айында толық қуатына шықпақ.

Жоба «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің қолдауымен №1 Индустриялық парк аумағында жүзеге асырылып жатыр. Инвестициялардың жалпы көлемі – шамамен 5,1 млрд теңге. Кәсіпорынның негізгі өнімі – ALEM атауымен қысқартылған Astana life Ex-situ Machine жобасы. Бұл қазақстандық инженерлер мен дәрігерлердің донорлық ағзаларды сақтау, қалпына келтіру және тасымалдау үшін жасап шығарған бірегей әзірлемесі. Технология донорлық ағзаның сақталу мерзімін бірнеше сағаттан бір тәулікке дейін және одан да көп ұзартуға мүмкіндік береді, бұл отандық трансплантология үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Өндірісте отандық шикізатты – Атырау қаласындағы KPI зауытының пластикалық түйіршіктерін пайдалану жоспарлануда, бұл медициналық бұйымдар өндірісін локализациялау деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Зауыттың жобалық қуаты 15-20 бірлік ALEM жабдығын шығаруға жетеді, ол дегеніміз, жылына биоматериалды іріктеуге арналған шамамен 6 млн контейнер және 45 мың дренаждық құрылғы.

UMC қорының басқарма төрағасы Юрий Пя мұндай өндірісті іске қосу импорттық медициналық шығындауға арналған материалдарға тәуелділікті азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Медицинаға арналған көптеген керек-жарақтарды, әсіресе кардиология мен кардиохирургияға қатысты заттарды, біз шетелден сатып аламыз. COVID-тен кейін біз көптеген құралдарға тәуелді болып қалдық, сондықтан өндірісті өзімізде бастауға, әуелі кардиология мен кардиохирургиядан бастауға, соның ішінде, донорлық органдарды сақтауға арналған аппарат жасау туралы өзіміздің идеямызды енгізуге шешім қабылдадық. Бүгінгі таңда біз осындай аппараттың прототипін әзірлеп қойдық, енді елімізде оның өндірісін бастауға шешім қабылдадық. Осы жылдың соңына қарай зауытта алғашқы үлгіні шығаруды жоспарлап отырмыз»,— деді Юрий Пя.

Олжас Бектенов ғылыми әзірлемелер негізінде отандық медицина өнеркәсібін дамытудың және оларды денсаулық сақтау саласына іс жүзінде енгізудің маңыздылығын атап өтті. Қазіргі уақытта Қазақстан өмір сүру ұзақтығы бойынша 76 жылдық көрсеткішке жақындады. Заманауи медициналық көмекке қол жетімділікті кеңейте отырып, осы динамиканы жалғастыру қажет.

«RnR Group» ЖШС-нің нан-тоқаш және сүт өнімдерін шығару зауыттарында Олжас Бектенов кәсіпорындардың өндірістік қуаттарын және жұмысты ұйымдастыру жағдайларын қарап шықты.

Премьер-министрге қайта өңдеуді дамытуға, отандық азық-түлік өнімдерін шығаруды кеңейтуге және елорданың азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға жалпы құны 8,8 млрд теңге болатын жобалар бағытталғаны баяндалды. Өндірістердің қуаттылығы – тәулігіне 25 тоннаға дейін ұн өнімдері және 100 тоннаға дейін сүт өнімдері. Кәсіпорындар жергілікті шикізат базасын пайдаланады. Өнімдер елорданың сауда нүктелеріне, әлеуметтік нысандары мен желілеріне жеткізіледі.

Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжанов елорданың азық-түлік қауіпсіздігін нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. 2025–2026 жылдары Астанада сыйымдылығы 12 мың тонна болатын 2 көкөніс қоймасы және жылына 53 мың тонна өнім өңдеуге қауқарлы 3 қайта өңдеу зауыты іске қосылды. 18 мың тонна көкөніс жеткізу бойынша келісімшарттар жасалды. Алдағы екі жылда агроөнеркәсіптік кешен саласында жалпы құны 180 млрд теңгені құрайтын 7 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Нәтижесінде 1,6 мың жаңа жұмыс орны ашылады.

Премьер-министр «Астана ЕТКОМ» ЖШС ет өңдеу зауытының алаңында болып, өндірістің технологиялық үдерісімен және шығарылатын өнім түрлерімен танысты.

Кәсіпорын құрылтайшысы Фархад Мадалиев жобалық қуаттылық тәулігіне 50 тоннаға дейін дайын өнім шығаруға немесе жылына 18 мың тоннадан астам өнім өндіруге мүмкіндік беретінін хабарлады. Шикізатты отандық өндірушілерден, соның ішінде «Айтас» АҚ, «KazBeef» ЖШС және өңірлердегі шаруа қожалықтарынан сатып алу жоспарлануда. Алғашқы кезеңде кәсіпорында 100-ге дейін жұмыс орны ашылса, толық қуатқа шыққаннан кейін бұл көрсеткіш 300-ге дейін жетеді. Кадр даярлау мақсатында кәсіпорын колледждер мен басқа да оқу орындарының студенттерін оқытуды ұйымдастырды, оларға кейіннен жұмысқа орналасу мүмкіндігі қарастырылған.

Олжас Бектенов терең өңдеу агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың негізгі бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті. Президенттің тапсырмасына сәйкес Үкімет аграрлық секторды қолдауды күшейтіп, оның ішінде биологиялық қауіпсіздіктің негізі болып саналатын ветеринария саласын дамытуға, инфрақұрылымды жетілдіруге және бақылау жүйесін жаңғыртуға басымдық беріп отыр. Қазақстанның аусылдан таза ел мәртебесін алуы мал шаруашылығын дамытуға және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге қосымша жол ашады. Тұрақты шикізат базасы мен соңғы жылдардағы жоғары өнімділік бұл қайта өңдеу көлемін арттыруға, дайын өнім шығаруды көбейтуге және отандық тауарларды ішкі әрі сыртқы нарықтарға ілгерілетуге қолайлы жағдай қалыптастырады.

«Президент елордаға ерекше міндеттер жүктеп отыр: Астана әрдайым ауқымды бастамалардың алдыңғы шебінде болып, барлық өңірлерге үлгі болуы тиіс. Елорда инфрақұрылым, өнеркәсіп, логистика, цифрлық шешімдер және әлеуметтік сала бағыттарында дамудың жоғары қарқынын қалыптастыруы қажет. Әрбір жоба қаланың экономикасын нығайтып, жұмыс орындарын ашып, азаматтардың өмір сүру сапасын арттырып, бизнес үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашуы маңызды. Сондықтан әкімдік пен салалық министрліктердің міндеті – жобаларды сүйемелдеуді қамтамасыз ету, кәсіпорындарды уақтылы іске қосу және өндірістердің тұрақты жүктелуіне жағдай жасау», — деп атап өтті Олжас Бектенов.