Олимпиада химияның жаңа қырларын ашуға көмектеседі

Dalanews 15 қаң. 2025 09:39 216

«Дарын» республикалық жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиаданың желілік кезеңінде Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы NIS командасы отыздан астам жүлделі орындарға ие болып биіктен көрінді. Жалпы білім додасында Зияткерлік мектептерден мыңнан аса оқушы бақ сынап жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша жоғары білімдерін көрсетті.

Алматы қаласындағы Зияткерлік мектептің оқушылары 5 алтын, 8 күміс және 19 қола медальге қол жеткізді.

Жеңімпаздар қатарында «TUYMAADA» халықаралық Менделеев олимпиадасының екі дүркін жүлдегері Еңлік Бақытбекова бар. Биылғы жылғы мектеп түлегі химияны 7-сыныптан бастап таңдады, және олимпиадаларға қатысып білімін жетілдіріп келеді.

– Химия маған өте қатты ұнайды, күнделікті өмірмен тіке байланысты, үңілсеңіз өте қызықты дүниелерді өзің үшін ашып таң қаласыз. Ал олимпиадаға қатысқан сайын пәннің жаңа қырын ашасың. Келешектеде мамандығымды химиямен байланыстырамын,- деп бөлісті Еңлік.

Еңліктің жетекшісі , «Қазақстанның үздік ұстазы» атағының иегері Шолпан Әбішева Еңліктің еңбекқорлығын ерекше айтады:

Бақытбекова Еңлік – әрқашан алдына мақсат қоятын жан. Ол нақты жоспар құруды біледі және оны орындай отырып, өз мақсаттарына тез және тиімді қол жеткізеді. Еңлік 2023 жылы Қазақстан Білім олимпиадасында эксперт болып, бағалауға қатысты. Химиядан бөлек математика, география, биология пәндері бойынша кешенді олимпиадаға қатысып 1-орын иеленді, ғылыми жобалардың авторы. Жүз елуден астам ғылыми жұмыстарды зерттеп, материалдардың қасиеттерін зерттеу әдістерін меңгерді.

Дарынды оқушы НУ профессоры Хайян Фанмен бірлесіп су объектілерінің ауыр металдармен және бояғыштармен ластануын зерттейтін ғылыми зерттеу жұмысын жүргізіп, банан қабығынан белсендірілген көмір алу әдісін әзірледі.

Алматы қаласындағы Зияткерлік мектеп химия-биология бағыты атағын ақтап келеді. Оған дәлел ретінде жылда химия-биология саласындағы оқушылардың жетістіктерін келтіруге болады. Пән мұғалімдері де білімдерін шыңдап, біліктіліктерін арттырыуда. Осы Олимпиадада химия пәнінен жалпы 6 медаль мектеп қоржынын толықтырды.

  Айта кету керек, қазіргі таңда Назарбаев Зияткерлік мектептеріне үміткерлердің құжаттары қабылдану үстінде. 11 ақпанға дейін қалаған Зияткерлік мектепке барып конкурстық іріктеуге қатысу үшін еліміздің 6-сынып оқушылары құжаттарын тапсыра алады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар