Алматы облысындағы трассада бірден 18 көлік жантүршігерлік жол апатына түсті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы "ҚазАвтоЖол" хабарлады. 5 қаңтар күні сағат 07:30 шамасында «Алматы – Өскемен» автожолының 28-шақырымында («Алматы – Қонаев» бағыты) 18 көлік жол апатына түскен. Апат қалың тұман кезінде болған.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, апатқа жүргізушілердің шектеулі көріну жағдайында жылдамдық режимі мен қауіпсіз қашықтықты сақтамауы себеп болған.
“ҚазАвтоЖолдың” мәліметінше, оқиға болған жол учаскесі IА техникалық санатына жатады, алты қозғалыс жолағы бар. Жол беті құрғақ, ақаулар мен бөгде заттар болмаған.
Апат салдарынан зардап шеккендер мен құрбандар жоқ. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Еске салайық, 3 қаңтарда Астана маңындағы тасжолда осыған ұқсас жол апаты болған еді: трассада 95 автокөлік соқтығысты.
3 қаңтарда сағат 07:20-да ауа райының нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар "Астана-Петропавл" автожолының (18-232 шақырым) учаскесінде барлық автокөлік түрлерінің қозғалысына шектеу енгізілді. Ауа райы жақсарғаннан кейін және жол тазартылған соң, сағат 12:30-да Щучинск қаласы бағытына қозғалыс полиция департаменті қызметкерлері мен "ҚазАвтоЖол" арнайы техникамен ұйымдастырылды.
Алайда, алдын ала мәліметтер бойынша, жүргізушілердің жылдамдық режимі мен қауіпсіз қашықтықты сақтамауынан сағат 13:28-де жолдың 153-шақырымында, Жанаталап ауылы маңында шамамен 95 көлік жаппай жол апатына түскен.