Француздар Қазақстанға мұқтаж болып отыр

Dalanews 15 қаң. 2025 15:19 0

Францияның түрлі компаниялары қазақ-француз дипломатиялық серпілісін пайдалануға ниетті. Қазір екі ел басшылары – Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эммануэль Макрон арасында өзара сенім мен түсіністік аурасы орнап, ол инвестиция және бизнеске өз жемісін беруде, деп жазады Dalanews.kz.

"Қазақстанның еліміздегі барлық салаларға инвестиция құюға шақырғанын, оның ішінде перспективасы мол геологиялық барлау, метал өңдеу салалары бар екенін француздың іскер қауымдастығы қызу талқылап жатыр", - дейді, DALA INSIDE дереккөзі.

Араларында көп ретте бос тұрған Қазақстанның инвестициялық нарығына тез жетейік деген компаниялар да пайда болды. Мысалы, француздың Imerys компаниясы сирек минералдарға қатысты стратегиялық жоспарларын жүзеге асыру үшін Астанадан қолдау іздеуде. Олардың басшылығы былтыр Қазақстан Президендінің Парижге мемлекеттік сапары аясындағы іскерлік кездесулерге қатысқан екен.

Ал 5 қарашада Imerys компаниясының бас директоры Алессандро Дацца француз-казақ инвестициялары жөніндегі дөңгелек үстелде Alstom, Vicat, Airbus Group, Orano, Air Liquide, TotalEnergies және EDF компанияларымен бір қатарда отырған. Ол кезде Қазақстан делегациясын Сауда және өнеркәсіп министрі Қанат Шарлапаев пен Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бастап алып келген.

Бір сөзбен айтқанда Imerys Қазақстанға инвестор ретінде келіп, біздегі сирек металдарды өндіру, қайта өңдеу және барлау жұмыстарын жүргізгісі келеді. Оның қадамын басқа француз ойыншылары да бақылап отыр.

Бірақ еліміздің сирек металдар бойынша нарығы АҚШ алпауыттарының да назарында екенін ұмытпауымыз керек. Егер барлау бойынша қандай да бір позитивті жаңалықтар пайда болса, қазақ жеріне америка инвестициялары ағылуға дайын.

Қазақстан 2025 жылы тікелей инвестицияларға аса зәру болып отыр. Себебі, бұл мәселеде біз 2024 жылы ақсаңдап қалдық. Геология, барлау, сирек металдар сынды бағыттар арқылы елімізге мол инвестиция тарту мүмкіндігі бар. Биыл дипломатияны пайдаланып, инвестиция ағынын молайтатын боламыз.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар